Жезқазғандық жиһанкез Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты

Жезқазғандық жиһанкез Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты
Фото: Видео кадры

Жезқазғандық жиһанкез Талғат Жұмабеков Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Қажылық сапардан қажымаған Талғат Жұмабеков елге тамыздың басында оралған. Осылайша, қайсар қазақ әлемді аралап, елімізді көпке насихаттап жүр. 

Телеарна мәліметінше, Талғат Жұмабеков продюссерлік орталықта жұмыс істеген. Тіпті хореограф та болған. Артынша дүниежүзін шарлағысы келген. Осылайша, мұсылман үшін қасиетті Меккенің топырағын басу басты арманы болған. Бірақ өзгелер сияқты айшылық алыс жерге ұшақпен жедел жете салмай, мыңдаған шақырымды велосипедпен еңсеруге бел буған.

"Баяғыда жиhанкездер жылқы, атпен жаяу барған. Сөйтіп, біраз қиыншылықты көріп, сондай жетістіктерге жетіп отырған. Қазір ондай жағдай жоқ қой. Ұшақпен бәрі барып жүр деп, өзін сынағысы келді ғой. Сонда мен "велосипедпен" бар деп айтқанмын. Жәй әзіл ретінде айттым. Соны ол қағып алды да, велосипедпен кетті ғой", - деді Талғаттың досы Еркін Жабағинов. 

Жиhанкездің басты мақсаты - әлемді көріп қана қоймай, Қазақстанды көпке таныту. Тіпті велосипедіне көк туымызды орнатқан. Осылайша, сапар аясында жергілікті тұрғындарға еліміз туралы айтып, оларды Қазақстанға келуге шақырады. Бүгінгі күнге дейін Талғат 63 мыңнан аса шақырымды еңсерген. Ол әлемнің 49 елінде болған.

"Маған Орталық Америка қатты ұнады. Мексика, Гватемала, Колумбияда да болдым. Аңғарғаным, адамдары қарапайым әрі мейірімді. Әркез көмектесуге дайын тұрады", - деді саяхатшы Талғат Жұмабеков. 

Биыл Талғат қасиетті Меккеге екінші мәрте қажылыққа барып келді. Тек бұл жолы сапарын Алматыдан емес, Каирдан бастады. Елге тамыздың басында оралған. Енді міне, балалық шағы өткен Жезқазғанға да жетті.

Ал болашақта белін бекем буып, қос дөңгелекті көлігімен Оңтүстік Америкаға аттанбақшы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек