Көшеден қырылып алынған асфальттар қайда жіберіледі? Әкімдік жауап берді

Бұған дейін Алматыда қала көшелерінен қырылған асфальт төсемдері Желіде қайта сатылып жатқандығы туралы жариялаған болатынбыз. Қала әкімдігі бұл мәселеге қатысты жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жол жабынына орташа жөндеу жүргізу кезінде өңделген материал (үгінділер) аудан әкімдіктері мен "Алматы СУ" мекемесіне беріледі.

"Алматы қаласының көше-жол желісінде жол жабынына орташа жөндеу жүргізу кезінде өңделген материал (үгінділер) аудан әкімдіктері мен "Алматы СУ" ШЖҚ МКК беріледі. Олар көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін асфальтбетонды жабыны жоқ шағын аудандар мен бау-бақша аймағындағы тұрғындардың өтініштері бойынша көшелерге себеді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қала шетіндегі тұрғындар өңделген материалдар керек болса, аудан әкімдігіне өтініш жаза алады. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда тағы бүтін брусчаткалар бұзылғаны туралы жариялаған болатынбыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!