"Мектептегі намаз оқу бөлмелері балалар арасында буллингке әкелуі мүмкін"

"Мектептегі намаз оқу бөлмелері балалар арасында буллингке әкелуі мүмкін"
Фото: pixabay.com

Белгілі PR-менеджер Назима Жанғазинова еліміздегі мемлекеттік мектептерде намазханалар ашу туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл балалардың өзара қорқытуына әкелуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Назима Жанғазинова мектептердегі намаз бөлмесі оқушыларды баратындар мен бармайтындар деп өзара екіге бөліп, арасын алшақтатады деп түсіндірді. Сондай-ақ, балалар бір-бірін қорқытып, білім алудың орнына жанжалдасуы мүмкін екенін айтты. Блогер балалар қай дінді ұстану керектігін өз бетінше анықтай алмайды деп есептейді.

"Зайырлы мемлекет ретінде барлығына мүмкіндік беру керегін ескерсек, мұндай бір бөлме емес, біз мойындаған діни ұйымдар көп болуы керек. Соның нәтижесінде мектептің жартысы физика, математика, география, т.б. мұғалімдерге емес, дін қызметкерлеріне берілетін еді. Мектепте адам ғылыми білімді түсінуі керек, рухани басқа да орындар бар", - деді ол.

PR маманы Астанада өткен съезде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының қоғамдық немесе білім беру орындарында намазханалардың қажеттілігі туралы айтпағанын атап өтті. Олар жаһандық тақырыптарды, әйелдердің білім алу құқығы, соғыстар және климаттың өзгеруі секілді мәселелерді қозғаған.

Еске салайық, бұған дейін ғылым және білім министрі Ғани Бейсембаевтың мектепте хиджаб кию туралы айтқан мәлімдемесі жарияланған болатын.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы