Таразда капитандар отбасы тұрады

Таразда капитандар отбасы тұрады
Фото: видео кадры

Таразда капитандар отбасы тұрады. Бір қызығы ерлі-зайыптылардың екеуінің де шені мен тегі бір, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, олар әрі бір полкта қызмет етеді. Әскери бөлім командиріне капитан Атахановты шақырту үшін кезекшіге олардың атын атауға тура келеді. Себебі ерлі-зайыпты Дина мен Бахадүр Атахановтардың екеуінің де әскери шені бірдей. Олар Оңтүстік өңірлік қолбасшылығына қарайтын байланыс полкінде қызмет етеді.

"Жарымызбен бірге бір салада жұмыс істегеннің артықшылығы бар. Әскери қызметте түнгі кезекшілік, бұйрық, дабыл деген дүниелер бар. Екеуміз де бір ұжымда жұмыс істегендіктен, мұндай дүниелерде арамызда ешқашан түсініспеушілік туындамайды", - дейді әскери қызметші Бахадүр Атаханов. 

Қос капитанның тағдырын әскери қызмет тоғыстырды. Бахадүрді жұмысқа жаңадан келген офицер ретінде психологиялық тестілеуден Дина өткізеді. Осылайша, олар шаңырақ көтеріп, әскерилер отбасын құрды.

"Біздің бір жерде жұмыс істеуіміз екеуміздің отбасылық өмірімізге ешқандай кедергі келтірмейді. Керісінше, қарым-қатынасымыз бен сыйластығымызды арттыра түседі. Бұл әрине, бір салада қызмет етіп, бір-бірімізді түсінгендіктен деп ойлаймын", - дейді әскери қызметші Дина Атаханова. 

"Әскери қызметте тынымсыз тірлік, әр күн сайын жаңа тапсырмалар орындалу керек. Күні бойғы қарбаластан соң үйге асығамын. Біздің қызметте жұмысыңды түсінетін жарың болғаны өте жақсы", - дейді әскери қызметші Бахадүр Атаханов. 

Ерлі-зайыптылар бір әскери бөлімде қызмет еткенімен, бірін-бірі сирек көреді. Дина Атаханова байланыс полкінің психологы болса, капитан Бахадүр Атаханов автоматтандырылған басқару жүйелері бөлімінің бастығы. Екеуінің отау құрғанына биыл 10 жыл болды.

Атахановтар өсіріп отырған ұлдары өздерінің жолын қуып, әскери қызметке барғанын қалайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина