Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюпов 10 жылға сотталды

Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюпов 10 жылға сотталды
Фото: Рашид Аюпов

Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюпов 10 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістан мен Кентаудың бұрынғы әкімі Рашид Аюповқа қатысты үкім шығарды. 

Сот шешімімен оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, экс-шенеунікке кәсіпкерден 2 миллион 800 мың доллар пара алды деген айып тағылған еді. Ал есесіне Аюпов бизнесменге тендер ұттырып беруге уәде еткен.

Еске салайық, бұған дейін оның қамауға алынғаны хабарланған еді. Кейінірек Астанадағы Байқоңыр ауданы сотында өткен жарыссөзде прокурор судьядан Рашид Аюповты 13 жылға қамауды сұрады. Сондай-ақ, дүние-мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынуы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова