"Алтын ордада" тағы шу: "7 миллион бермесек, орнымыздан айырыламыз"

"Алтын ордада" тағы шу: "7 миллион бермесек, орнымыздан айырыламыз"
Фото: КТК

Алматыдағы "Алтын орда" базарының бір топ саудагері "7 миллион теңге бермесек, орнымыздан айырыламыз" деп шу шығарды. Олардың айтуынша, базар әкімшілігі бұрыннан тұрған шатырлардың орнына жаңа дүңгіршектер салмақ. Сауда нүктесінен айырылғысы келмейтіндер 7 миллион төлеңдер деп талап қойғанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Ал базар басшылығы мұнымен келіспей отыр. Олар саудагерлердің тұрған жері заңсыз, үш метр ары жылжытатынын айтады.

"Біз күнделікті 2 мың теңгеден беріп тұрамыз, екі метр жерге. Мына жерде 7 миллионның да тауары жоқ. Біз ол жерді 7 миллионға сатып ала алмаймыз", - дейді сатушылардың бірі.

Гүлнәр Тұрлыбаева күннен қалқан болар шатыр астындағы аядай жерде кішігірім саудасын дөңгелетіп отыр. Ұсақ-түйек заттан түсер теңге мардымсыз. "Алтын орданың" кіреберісіндегі 30 шақты шатыр Гүлнәр секілді саудагерлердің жалғыз жан бағыс көзі. Енді "7 миллион бермесе, орыннан айырыласың" деген хабар төбеге жай түсіргендей болған.

"Шын ба, өтірік пе деп, басшылыққа бардық. "Сатылып жатыр, қалғаны болса аласыңдар, қалмаған болса, кете беріңдер" деді. Бірақ менің басымда 7 миллион жоқ. Жағдайымызды түсінгісі жоқ. Осы жерде тұра беріңдер деген, үшінші павильон біткенше. Осы бастықтар келгенде де "тұра беріңдер" деген. Біз бұл жерді ешкімге сатпаймыз деген сияқты", - дейді саудагер Жанар Қалымбетова.

Саудагерлер базар басшылығы базынамызға құлақ аспақ түгіл, бірде-бір рет тілдеспеді деп директор отырған ғимаратқа барды. Не ішке кіргізбеді, не директордың өзі сыртқа шықпады. Көмекшілері "басқа жақта жүр" деп, әңгімені жылы жапқысы келгенмен, саудагерлердің көпке дейін көңілі көншімеген.

"Жерін 7 миллионға сатам депті, бала-шағасын немен бағады деп, неге айтпайыздар сіздер? Неге орнынан шықпайды?!", - дейді саудагерлер. 

Жанайқайын жеткізген саудагерлерге директордың орынбасары шықты. Оның айтуынша, жол жиегінде олар тұрған жер әкімшіліктің қарауында. Заңға сәйкес үш метр бері жылжытып, орын ұсынамыз дейді. Кейін шатырдың орнына дүңгіршек орнатамыз деген жоспарымен бөлісті.

"Фирмаларға өтініш бергенбіз. Сол кісілердің смета бағасын шығарып берген. Жеті миллионға дегенде, қазір бәрі арзан емес, материалдарының бәрі сондай. Өз материалдарына бізге өтініш берген. Ол бойынша біздің фирмалар сол жерге салып береді", - дейді "Алтын орда" базары директорының орынбасары Қанат Кенжебайұлы. 

Саудагерлер жаңа павильонның құрылысы аяқталғанша, өз орнымызда қалсақ деген базынасын да айтып қалды. Базар басшылығымен қандай мәмілеге келетіні әзірге белгісіз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина