Терроризм бабымен 10 жылға сотталған әйел бір кездері қалай жат ағымға еріп кеткенін айтты

Атыраудағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Жансая Ашықбаеваның бостандыққа шығуына әлі 4 жыл бар. Қазір 35 жасқа келген ол кезінде салафизм ағымының жетегінде кетіп, опық жегеніне өкінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жансая Ашықбаева - Жамбыл облысының тумасы. Кейін Алматы қаласында тұрған. 2017 жылы Сирияға астыртын аттанып бара жатқан жерінен қолға түскен ол алғашында Петропавл қаласында жазасын өтеген. Кейін Атыраудағы УГ - 157/11 мекемесіне ауыстырылған.

"Өздерін маған жанашыр ретінде көрсетіп, көшеден кезіккен "достар" Исламды үйретті. Түрлі кітаптар беріп, оны оқығаннан кейін жиналып, өзара талқылайтынбыз. Өзімізді шын мұсылман санап, басқаларды адасқанға телідік. Қазақстаннан бездік. Ата-анамды мойындамай, ауыр сөздер айттым. Бір күні ДАИШ мұсылман мемлекетін құрғанын естіп, сол жаққа кетуге бекіндім. Қордай арқылы кетпек болғанымда, қолға түстім", - дейді Жансая.

Жансаяның басына іс түскен уақытта бір кездері өздерін "нағыз дос" ретінде көрсеткісі келгендер төбе көрсетпеген.

"Мен қиналған уақытта жанымда әке-шешем мен бауырларым болды. Мен қандай болсам да ата-анам менен бас тартпады. Менің азабымды әлі тартып жүр. Мен ана болудан қорқамын. Ең үлкен қорқынышым сол - балам мен сияқты сынаққа тап болған уақытта мен одан қайсарлықпен өте алмайтын сияқтымын. Ата-ананың қадірін кеш ұғынып отырғаныма өкінемін", - деді Жансая.

Жансая бүгінде салафизм ағымынан түпкілікті бас тартқан. Оның оңалуына Атырау облысы дін істері басқармасы, "Шапағат" қоғамдық қорының теологтары себепкер болған.

"Қазақстанда экстремизмді насихаттайтындардың жолы тоқтатылса екен. Әйтпесе осындай ағымдардың кесірінен талай тағдыр құртылып жатыр", - деді ол.

Айта кетейік, қазір Атыраудағы әйелдер колониясында терроризм бабымен сотталған 6 әйел адам жазасын өтеп жатыр. Оның бесеуі "Жусан" операциясымен елге оралған.

Баян Жанұзақова

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз