Астанадағы автобустарда билетсіз жүру мәселесі қалай шешіледі?

Астанадағы автобустарда билетсіз жүру мәселесі қалай шешіледі?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Астана автобустарында жол ақысын төлемейтіндерге байланысты жол ақысын төлеу жүйесін ауыстыру жоспарда бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұндай ұсынысты "Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы" басшысының орынбасары міндетін атқарушы Бауыржан Тайбергенов мәслихат отырысында айтты.

"Субсидиялау және жұмыс тиімділігі. Қала да, депутаттар да жолаушылар ағынының қандай екенін, оның қаншасы тегін жүргенінің нақты санын білмейді. Әрдайым 3-4 миллиард теңге сұрайсыз, жағдай өзгере ме әлде баяғыдай адамдар автобусқа отырып, төлемей кете бере ме? Ешнәрсе өзгермейтін болса, неге жаңа нәрсе сатып алып, ақша жұмсаймыз" - деп сұрады мәслихат депутаты Владислав Сергеев.

Тайбергеновтің ойынша, елордалық автобустарда QR-код арқылы жол ақысын төлеуді алып тастау билетсіз жүру мәселесін шешуге көмектеседі.

"Біз ең бірінші неге жол ақысын төлемейтіндер бар деген сұрақ қоюымыз керек. Себебі, QR-кодтар бар. Жолаушылар кіреді, сканерлейді, бірақ төлемейді. QR-кодтан бас тартып, тек карталарды пайдаланатын болсақ, бұл мәселені шеше аламыз. Сонда жолаушылар кірген кезде ақы төлейді, яғни төлеуге мәжбүр болады", - деді Тайбергенов.

Депутат банк карталарын қолданып, қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің тестілеу жүйесі енгізілді ме сұрады.

"Неге жүйе әлі енгізілмеген? Қанша адам төлемейтіні туралы мәліметтер бар ма", - деп сұрады депутат.

Әкімдік өкілінің мәліметінше, пандемияға дейін автобустарда 850 мың жолаушы төлем жасаған.

"Пандемияға дейінгі жылдармен салыстырсақ, тәулігіне 200-250 мың айырмашылық бар. QR-код арқылы төлемді алып тастап, тек банк карталарын енгізсек, төлем жасамайтын жолаушылар саны 2-3 есе азаяды. QR-код салон бойынша ілінеді, жолаушы тексеруші кірген кезде ғана төлейді, егер тексеруші болмаса жолақы да төленбейді", - деп жауап берді Тайбергенов.

Тайбергеновтің айтуынша, Астанада CTS көлік компаниясының 60-қа жуық, ал жеке автопарктердің өз бақылаушылары бар.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан