69 жастағы зейнеткер бүкіл Қазақстанды велосипедпен жүріп өтті

69 жастағы зейнеткер бүкіл Қазақстанды велосипедпен жүріп өтті
Фото: Диапазон

Маусымнан тамызға дейінгі аралықта ақтөбелік зейнеткер Қызылорда, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Астана және тағы басқа қалаларды велосипедпен жүріп өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.

69 жастағы теміржолшы Жұмабай Отарғалиев зейнетке шыққан соң арманын орындап, велосипед сатып алған. Осылайша, қария Шалқарға, Қызылорда бағытына және Астрахань шекарасына дейін барған.

Биыл Жұмабай Отарғалиев Қазақстанның әр облысын аралап шығуды ұйғарған. Оның бағыты Атырау, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Шу, Мойынты, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар, Астана және т.б. арқылы өткен. Ол сапарын Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арнапты.

"Атырауда 21 маусымда бастадым, марафонды тамыздың соңында сол Атырауда аяқтауды жоспарлап отырмын. Бұл жолы мен Қазақстанның барлық облысын араладым. Күніне 80-нен 120-ға дейін, кейде 200 шақырым жүрдім. Ауа райына байланысты. Бірақ кейде пойызбен жүрдім, әсіресе, жол жоқ жерде. Катон-Қарағайға дейін 300 шақырым жүру қиын болды, жол жоғары қарай кетеді. Ал түсу кезінде жылдамдық сағатына 55-60 шақырымға дейін жетті. Сондай адреналин сезінесің! Бастапқыда ол жаққа баруды жоспарламаған едім, бірақ Шығыс Қазақстандағы Қалбатау ауылында саяхатшы әрі блогер Дамир Көшеевпен кездестім. Ол мұндай сұлулықты көру керек екенін айтты. Онымен бірге жүрдім. Бірге теңіз деңгейінен 1800 метр биікке көтерілдік. Дамирдің арқасында Өскеменде маған жаңа велосипед сыйға берілді", - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін әлемді жаяу аралап жүрген Сәрсенбай Қотырашов саяхаты қашан аяқталатынын айтқаны хабарланған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова