"Жендеттің тепкісінен тағдырым талқандалып кетті". Алматы тұрғыны Досаевқа жанайқайын жеткізді

Желтоқсан оқиғасының ардагері Гүлмира Иманберді Алматы әкімі Ерболат Досаевтан көмек сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Гүлмира Иманберді қала әкімінің Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуге үй мәселесіне байланысты келген. 

"Менің не үйім жоқ, не ұрпағым жоқ. 1986 жылы үш күн аязда жүріп, жағама мұз қатып, жендеттің тепкісінен 19 жасымда тағдырым талқандалып кетті. Менің баспанам жоқ. Жалғыз мен ғана емес, желтоқсаншылардың бәрі қаңғып жүр. Білесіз, біз егемендікке үлес қостық. Бірақ бізге деген құрмет жоқ. Қай жерге барсаң да көкірегіңнен итереді. Саябаққа ескерткіш те қойған жоқсыз. Желтоқсан саябағында қоқыс жатыр", - деп ашынды Гүлмира Иманберді. 

Желтоқсан оқиғасының ардагері мүгедектікті алмағанын айтады. 

"Намысым жібермеді, желтоқсанда арым тапталды, тірідей көмілдім. Жалақым да мәз емес. Әрбір әкімнің 15-20 үйі бар. Мен сонда Қазақстанның жерінен бір жапырақ үй ала алмаймын ба? Мен тілім үшін, елім үшін, жерім үшін шықтым ғой. Қазаққа қазақ басшы болсын деп бір ұранмен шықтым, ал жүрісіміз мынау. (...) Сол әкімдердің біреуінің үйін алып беріңіз, басқа ештеңе сұрамаймын, өлігім сол үйден шықсын", - дейді Желтоқсан оқиғасының ардагері. 

Қала әкімі Ерболат Досаев Гүлмира Иманбердінің жанайқайына жауап берді. 

"Мен өзім ол кезде 16-ға толған баламын. Осы жерде өскеннен кейін түсініп отырмыз. Біз де ашықпыз, тығылып жатқан жоқпыз. Бәрін бірден шеше алмаймыз. Аудан әкіміне алайын, бәрін көрсін. Орынбасарыма да айтамын", - деп жауап берді қала әкімі Ерболат Досаев. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!