Нұргүл Тау: Алматыдағы паллиативтік орталықтың жағдайы мүшкіл

Мәжіліс депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау Алматы қалалық паллиативтік орталығына барды. Депутат аталған мекеменің жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті. Онда орталықтың көптен бері шешілмей келе жатқан кешенді мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет. Техникалық қызметкерлердің жалақысы өте төмен. Алматы қаласының паллиативтік орталығында ауыр науқастарды тасуға көмектесетін арнайы құрылғылар жоқ. Ер кісілердің медициналық процедуралардан өтуін, киімдерін ауыстыруын, көтеріп-отырғызуын қыз-келіншектер атқарады", - деді Нұргүл Тау.

Депутаттың айтуынша, паллиативтік орталықтың ғимараты әбден тозған. Мұндай мекемелерге қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді және күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Дәліздер тар, инженерлік желілері мен коммуникацияларын жаңғырту керек. 2016 жылға жоспарланған паллиативтік орталықтың жаңа ғимаратының құрылысы жоба түрінде қалды, 2019 жылы ЖСҚ мерзімі аяқталған.

Қазір ЖСҚ жұмыстарына 145 млн теңге жұмсалған, бірақ құрылыстың аяқталуы тек 2025 жылға жоспарлануда. Сонымен қатар орталықты қаржыландыруда қиындықтар бар. Тарифтерде инфляция ескерілмеген. Жеке гигиена құралдары бөлінбейді. Азаматтардың өтініштерін егжей-тегжейлі тыңдаған соң депутат Respublica партиясының фракциясы осы және жазғы сапарлар барысында жиналған өзге де өтініштерді басты назарға алатынын айтты.

Сондай ақ  депутат "Жайлы мектеп" бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектеп құрылыстары мен басқа да проблемалық нысандарды аралады.

Нұргүл Тау бұдан бөлек Қонаев қаласындағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен және тұрғындармен кездесу өткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!