15 миллион теңгеге қандай үй сатып алуға болады?

Еліміздегі тұрғын үй бағасының шарықтауы үлкен мәселеге айналды. Қазіргі таңда 15 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алуға бола ма? Massaget.kz тілшісі жылжымайтын мүлік нарығына талдау жасап көрді.

Алматы

Алматы қаласы бойынша 15 млн теңгеге дейін саудаланатын 798 үйдің хабарландыруы жарияланған. Оның ішінде 1966-1982 жылғы ескі пәтерлер мен 2018 жылы салынған үйлер бар. Атап айтқанда, мұндай сомадағы пәтерлерді Жетісу, Әуезов, Алмалы, Наурызбай ауданынан табуға болады. Пәтерлердің аумағы негізінен 20-26 шаршы метрді құрайды. Іші толығымен жабдықталған.

 Астана

Астанада аталған сомаға қалаға іргелес Қосшы елдімекенінен үй алуға болады. Ал қала ішінен Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр аудандарынан таба аласыз. Сатылымдағы пәтерлердің аумағы 30-43 шаршы метрді құрайды. Хабарландыруда көрсетілген 1991, 2005, 2014 жылы салынған тұрғын үйлердің іші толығымен жабдықталғанын байқадық.

 Ақтау

Ақтауда 15 миллионға екі бөлмелі, орталықта орналасқан жағдайы жақсы пәтерлерді алуға болады. Олардың көбісі 4,14,16,34 шағын аудандарда орналасқан. Тұрғын үй кешендерінде орналасқан пәтерлерде бейнекамера, ойын алаңы, көлік тұрағы орналасқан. Үйлер 1984, 2018 жылы салынған. Көлемі 40-46 шаршы метрді құрайды.

 Шымкент

Шымкенттің Әл-Фараби, Қаратау, Абай аудандарында сатылымға шыққан үйлер көп. 15 миллионға 24-42 шаршы метр аралығындағы пәтерлерді табуға болады. Тұрғын үйлердің көпшілігі 1980-1986 жылғы салынған. Ішінде соңғы үлгідегі дизайн, әрі толық жабдықталғанын байқадық.

 Қарағанды

Қарағандының Қазыбек би, Әлихан Бөкейханов ауданында 2000 жылы салынған 50-60 шаршы метрлік екі, үш бөлмелі үй алуға болады. Қалалардың ішінде тұрғын үй бағаларының ең арзаны осы екенін байқадық.

Еске салайық, бұған дейін риелтордың үй бағасына қатысты болжамы жарияланған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз