Түркістан облысында қара жамылған әулет өзенге батқан тоғыз туысының жаназасын шығарды

Түркістан облысы Отырар ауданында Сырдария өзеніне суға батып, қаза болған 9 адамның жаназасы шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Марқұмдардың денесі бүгін Көксарай ауылында жер қойнына тапсырылды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданында қайғы жамылған әулетке барып, көңіл айтты. Қайғыларына ортақтасып, құранға қатысты.

Өңір басшысы бұл отбасыға тиісті көмек берілетінін айтты.

Суға кеткен бір әулеттің адамдары құдалықтан шығып, өзен бойына тоқтаған. Марқұм болғандар бір атаның төрт баласынан тараған. Бір күн бұрын әулеттің ең үлкен ұлының үйінде баласының құдалығы өткен екен.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 11 адам суға батып кеткенін, құтқарушылар тоғыз адамның мәйітін тапқанын хабарланған едік.

Олардың екеуі - әйел, тоғызы - бала. Балардың ең кішісі төрт жаста екен. Суға батқан тағы екі адам іздестіріліп жатыр. Олардың жасы 10-да және 12-де.

Кейінірек әлеуметтік желіде олардың суға шомылуға бармағаны, көпір сынып, адамдар содан кейін суға батқаны туралы ақпарат тарады.

Алайда мұны Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Запаров растамады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!