Сырдариядағы 11 адамның өлімі: тоғыз бала мен екі әйел көпір сынып, суға батқаны рас па?

Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауыланан 3 шақырым жердегі Сырдария өзенінде 11 адам суға батып, қаза тапты. Әлеуметтік желіде олардың суға шомылуға бармағаны, көпір сынып, адамдар содан кейін суға батқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алайда бұл ақпарат жалған болып шықты.

Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Запаров айтты. 

"Жалған. Көпір сынбаған. Олар жағаға демалып, суға шомылуға барған", - Бақытжан Запаров. 

Бұған дейін Түркістан облысы әкімдігі әуелі бір адам суға батып, қалғандары оны құтқарамын деп, ағып кетуі мүмкін деген болжам айтты.

Ал Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Запаровтың айтуынша, оқиғаның қалай болғаны әлі белгісіз.

"Оқиғаның қалай болғаны белгісіз. Екі әйел, тоғыз бала суға батты. Күйеулері сол жерде болған. Оқиғаның қалай болғанын полиция департаменті анықтап жатыр. Тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", - деді ол.

Ал Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іс әлі тіркелмегенін, қазіргі уақытта қызметкерлер суға батқандарды іздеуге көмектесіп жатқанын хабарлады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!