Алматы облысында АЭС-тің салынуы: халық жаппай қарсылық білдірді 

Бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданының əкімдігі Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағында атом электр станциясының салынуына қатысты халықпен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кездесу барысы Жамбыл ауданы əкімдігінің Instagram-парақшасында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. 

Аудан тұрғындары жаппай наразылық білдірді.  

Ядролық физикалық институтының басшысы Саябек Сахиев Атом электро станциясын салудың артықшылықтарын айтты. Оның айтуынша, мұндай құрылыс түрлі дәрі-дәрмек өндіруге, экономикалық тұрғыдан дамушы елден дамыған ел қатарына қосылуға әсер етеді. 

Еске салайық, бұған дейін атом электр станциясы Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағында салынатыны хабарланды. 

Елдегі алғашқы атом электр станциясы үшін ұқсас станцияны салу және сәтті пайдалану тәжірибесінде тексерілген технологияны таңдау ұсынылады. Осыған байланысты ядролық технологиялардың мынадай әлеуетті жеткізушілерінен тұратын "шорт-тізім" жасалды:

  • HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;
  • APR-1400 реакторы бар корей KHNP компаниясы;
  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей Росатом компаниясы;
  • EPR-1200 реакторы бар француз EDF компаниясы.

Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданған.

"Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Бұл ретте мәслихат жергілікті өкілді орган.

Осыған байланысты, 2022 жылғы қарашада Алматы облысы мәслихатының кезекті сессиясында аудан тұрғындарын қолдау шартымен құрылысқа келісім беру туралы шешім қабылданды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз