Жаңаөзендегі жүкті әйелдің өлімі: дәрігерлер қандай жаза алды?

Жаңаөзен көпсалалы ауруханасының директоры босанған әйелдің өліміне байланысты екі дәрігердің қалай жазаланғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңаөзен көпсалалы ауруханасының директоры Серік Асқаровтың айтуынша, 32 жастағы Бибі Қуанова қайтыс болғаннан кейін екі дәрігер тәртіптік жазаға тартылып, қатаң сөгіс алған.

"Қазір тергеу аяқталмағандықтан, олар өз қызметінде қалды. Соңғы шешімді науқастың өлімінің мән-жайын анықтайтын жауапты комиссия қабылдайды. Тексерудің нәтижелері кейінірек белгілі болады", - деді Серік Асқаров.

Ол жүкті әйелді ауруханаға жатқызу кезінде түсірілген видеоға қатысты да пікір білдірді. Онда Бибі Қуанованы мекеме қызметкерлері ғана емес, туыстары да зембілмен баспалдақпен көтеріп жатқаны көрінеді. Оның айтуынша, сол күні электр қуатында ақау болып, лифт 10 минуттай жұмыс істемеген.

Еске салайық, жүкті 32 жастағы Бибі Қуанова Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасының гинекология бөлімінде қайтыс болды. Оқиға 17 шілдеде болған. Баланы да құтқару мүмкін болмаған. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы әйелдің өлімінің себебін арнайы комиссия анықтап жатқанын хабарлады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!