"Ақша берсең, өткізеді". Туристер Үлкен Алматы көліне қалай өтіп жатыр?

"Ақша берсең, өткізеді". Туристер Үлкен Алматы көліне қалай өтіп жатыр?
Фото: Shutterstock/видео кадры

Алматы тауларында туристерді Үлкен Алматы көліне жеткізу тарифтері ашуландырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде Алматы-Арасан шатқалындағы жол түсірілген видео тарады. Видео авторы ҮАК-ке жеткізу құнына ашуланды. Оның айтуынша, "Қазавтожол" қызметкерлері жол қауіпті деген сылтаумен бөгеттен жоғары жібермейді.

"Бірақ көлге қызметтік автокөлікпен 30 мың теңге төлеп бара аламыз. Жаман жол жақсыға айналып, тіпті такси жүргізушілері жүре алады. Бұл қаншалықты заңды деп ойлайсыз?" - деп сұрады ер адам.

Жазба астында желі пайдаланушылары видео авторының сөзімен келісіп отыр.

"Ұлыммен құбыр арқылы шығықтық. Такси жүргізушілері ескі көліктерімен адам тасып жүр. Ешнәрсе болып жатқан жоқ. Жалпы, ақша берсең, өткізеді", - деп жазды туристердің бірі.

"Бұл ҮАК жолына тосқауыл қойылғалы жалғасып келе жатқан жағдай. Адам санына байланысты 20 000-нан 40 000 теңгеге дейін көлге жетуіңізге "көмектеседі". Бұл бірнеше рет басымнан өткен жағдай", - деп жазған басқа қолданушы.

"Біз былтыр барғанда тура осы жағдай еді, тек қызмет құны 20 мың теңге болды. Қатты ашуландым. Бізде жол талғамайтын көлік болғанына қарамастан, тосқауылдан өткізбеді. Егер, қатты барғыңыз келсе 20 000 теңге төлеп, бара аласыз. Бар жоғы 20 минут күтеді де, сізді қайта әкеледі. Барлығы жеңіл көліктер, неге өз көлігімізбен бара алмаймыз деген сұраққа "болмайды, бітті" деп жауап береді. Осылай бизнес жасап, қарапайым халықтан ақша алып отыр. Айтпақшы, төлемін жасап қызметтік көлікпен барған кезде, жол жақсы болды", - деді үшінші қолданушы.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы наразы халыққа қызметкерлер ақшаға ҮАК-ке туристерді тасымалдамайтынын мәлімдеді.

"Адамдарды ақылы түрде тасымалдайтыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қызметкер жолдың осы учаскесін күтіп-ұстаумен айналысып, арнайы техника көмегімен құлаған тау жыныстары, қар көшкіні және басқа табиғи апат салдарын жояды. Ұлттық компания осы учаскеде патрульдеуді күшейтуге және арнайы рейдті ұйымдастыруға жәрдемдесу үшін Алматы Полиция департаментіне жүгінуге ниетті", - деп атап өтті "Қазавтожол".

Сондай-ақ, велосипед және жаяу жүргіншілер үшін ҮАК-не кіруге шектеулер жоқ екені айтылды.

"Алматы Полиция департаментінің нұсқамасына сәйкес, ұлттық парк қызметкерлері, жол органдары, шекара заставасы, "Космостанция" ғылыми базасы, метеорологиялық және гидрологиялық базаларды және Алматы туризм басқармасын қоспағанда, жоғарыда аталған учаскеге автокөлік құралдарының өтуіне тыйым салынған. Шектеу терең шұңқыр түріндегі ақаулардың пайда болуына және таулы жерде жүріс бөлігінің тарылуына байланысты енгізілді", - деп толықтырды Ұлттық компания.

Естеріңізге салайық, 2021 жылы Үлкен Алматы көліне барар жолда селден қорғайтын бөгеттердің үш жылдық құрылысы басталған еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Шәріпхан