"500-ге тарта баланы аяғына тұрғызған". Маман ерекше балалармен жұмыс туралы айтты

"500-ге тарта баланы аяғына тұрғызған". Маман ерекше балалармен жұмыс туралы айтты
Фото: Видео кадры

Абай облысында 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Мыңнан аса балаға сал ауруы диагнозы қойылған. Бұл санаттағы жандарға семейлік дәрігер Данияр Болатов көмек қолын созып жүр. Ол бұған дейін 500-ге тарта баланы аяғына тұрғызған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Бес жасар Айшаны анасы Қарағандыдан арнайы алып келген. Қызының Данияр Болатовтың нұсқаулығымен емдік дене шынықтыру жасап жүргеніне үш жылға жуықтаған.

"Ол әуелі бізге келіп жүрді. Қазір біз Семейге келіп, ем қабылдап жатырмыз. Осы уақыт аралығында қызым еңбектеуді, өз бетімен отыруды үйренді. Бүгінде ақырындап жүруге талаптана бастады. Біз бұған дейін көптеген мамандардың алдына бардық. Даниярға келгелі қызымның денсаулығы әжептәуір жақсарды", - деді Қарағанды қаласының тұрғыны Эльнара Смағұлова. 

Қолы алтын дәрігер күніне 10 адамға ем-дом жасайды. Емдік дене шынықтыру курсы 1 жылдан 5 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

"Даниярдың қабылдауына кіру өте қиын. Ол кісі бізді тізімге кіргізіп қояды, уақытын тағайындайды. Сол уақытта біз үзбей келіп тұрамыз. Біз арнайы Алматыдан келеміз. Данияр Нұрбекұлына осы уақытқа дейін жасаған еңбегіне үлкен алғыс айтамыз", - деді Айгүл Жақыпова. 

Данияр әр баланы жеке бағдарлама бойынша емдейді. Он жылдық еңбек тәжірибесінде 500-ден аса жеткіншектің аяғынан тік тұруына көмектескен.

"Жалпы әр балаға әртүрлі. Мидың ошағының зақымдануына байланысты. Кейбіреулеріне жарты жыл да жеткілікті. Кейбіреулеріне 5 жыл да аз болады деген сияқты. Енді бірінші қасиет - балалармен қарым-қатынас, тіл табысу. Сол бірінші орында тұрады деп ойлаймын. Жыл сайын жан-жаққа барып білім аламыз. Білімді де қажет етеді. Және шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді", - дейді емдік дене шынықтыру бойынша нұсқаушы Данияр Болатов.

Айта кетейік, Абай облысында 800-ден аса тірек қимыл аппараты бұзылған және сал ауруына шалдыққан бала бар. Оларды емдеу мақсатында Семейде 150 орындық оңалту орталығы ашылды. Алдағы уақытта облыста осындай бірнеше нысан салынады деп жоспарланып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек