"Жергілікті билік саңырау". Алматыдағы "Dragon city" үйінің тұрғындары қалаға іссапармен келген Тоқаевтан көмек сұрады

Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары қалаға іссапармен арнайы келген Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Айтуларынша, "Dragon city" тұрғын үй кешенінің құрылысына жауапты "ЭДЕМ ЛТД" ЖШС-нің өкілдері көпқабатты ғимараттың астындағы көлік тұрағына арналған орынды заңсыз түрде базардың қоймасына айналдырып жіберген. Тіпті меншік иелерінің бірлестігіне жалған құжатпен Бабазов есімді өз адамын тағайындап, 400-ге тарта тұрғынның "бұл шешімге қарсы емеспіз" деген қол қойылған құжатты қолдан жасап келісімге келіпті. Ал тұрғындар бұл мәселені құзырлы органдарға қанша айтсақ та, мәселемізге құлақ салмайды деп ашулы. Massaget.kz тілшісі тұрғындардың жанайқайын тыңдап қайтты. 

"Президент көрсін. Бізді естіп жатқан адам жоқ. Біз босқа шапқылап жүрміз. Екі жылдан асты. Ешқандай қозғалыс жоқ. Білгенін істеп жатыр барлығы. Президенттен басқа айтар адамымыз қалмады" дейді тұрғындардың бірі. 

Бұл бір жылдан аса соттасып, шыдамы шегіне жеткен Киберов Русланның сөзі. Ол құрылыс компаниясы тұрғындардың арыз-шағымын ескермей, жалған құжат жасап білгенін істегеніне наразы. Бабазов есімді меншік иелерінің бірлестігі басшысының түрін де білмейтін тұрғындар 400-ден аса қол қойылған құжатты қолдан жасағанына аң таң. 

Ал көпқабатты тұрғын үйдің былығы бір басына жетіп артылады. Көлік тұрағы мен балалар ойын алаңын айтпағанда, өрт қауіпсіздік шаралары атымен сақталмапты. Балкондардағы өрт қауіпсіздігіне арналған баспалдақтардың орнын бітеп, аумағын пәтердің бағасына қосып сатып жіберген. 

"Мен осы үйдің 7-қабатында тұрамын. Өрт қауіпсіздігі шаралары мүлде сақталмаған. Біз өткен жолы ғана базар өртенгенде "бисмилламызды" айтып әрең отырдық. Қазір өрт шықса қайда қашып құтыламыз. Өзіңіз ойлаңызшы, 592 пәтер бар, ал төменге түсетін бір ғана баспалдақ. Әр үйде 5-6 адамнан тұрады. Сонда біз терезеден секіреміз бе, жоқ баспалдақпен домалаймыз ба", - дейді Нұргүл Серікқызы есімді тұрғын.    

Үйді сатып аларда құрылыс компаниясы өкілдері "көлік тұрағы болады, балалар ойын алаңын салып береміз" деп уәде етіп, мүлде басқа жоспарды көрсетіпті. Ал қазіргі көрініс екі әткеншек пен бір турник орнатылып, футбол алаңында ешқандай газон төселмепті. Барлығы тас цемент. Тұрғындар "есік алдына балаларымызды жалғыз жібере алмаймыз" деп ашынды. 

Ал әкімдік өкілдері бұрынғы "Азат" есімді меншік иелері бірлестігімен байланыста екенін айтты. Сондай-ақ, қыркүйек айында тұрғын үй маңынан балалар ойын алаңының бой көтеретінін жеткізді. 

"Сот процесі жүріп жатқандықтан бұл жер әкімшіліктің қарамағына қабылданбаған. Біз бұл үйдің мәселесіне тек меншік иелері бірлестігінің өтінішімен ғана көмектесіп жатырмыз. Көпқабатты тұрғын үйдің маңынан балалар ойын алаңын тұрғызып жатырмыз. Ауланың ішіндегі ойын алаңдарын да келесі жылы қайта жаңартпақ ойымыз бар. Барлығын жоспарға енгізіп жатырмыз. Алайда бұл жер жекеменшіктің қарамағында болғандықтан бірқатар мәселелер туындайтыны рас", - деді Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы Нұрдәулет Қалдаров. 

Тұрғын үйдің төбесіне ілінген баннерді тәртіп сақшылары тапсырма берілгенін айтып, бір сәтте алып тастады. 

Тұрғындардың сөзінше бұл мәселе Жетісу ауданынан бөлек қала әкімі Ерболат Досаевқа дейін жеткізіліпті.

"2 жылда жергілікті жауаптылардан қайыр болмағасын Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болдық. талай рет айтсақ та, жергілікті билік естімейді, саңырау" дейді тұрғындар.

Енді қалаға арнайы келген Қасым-Жомарт Кемелұлы жанайқайымызды көріп, мәселені бір жақты етсе деген ниетте. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!