Хостелдерде тұру бағасы қанша, баратын жер таба алмаған студенттер не істей алады? Министрлік жауабы

Хостелдерде тұру бағасы қанша, баратын жер таба алмаған студенттер не істей алады? Министрлік жауабы
Фото: pixabay

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі жатақханаларда 70 мың орын тапшы екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Алматы секілді ірі қалаларда хостелдермен байланыс орнатылғаны айтылды. Massaget.kz тілшісі министрлікке сауал жолдап, хостелдердің бағасы қаншалық бақыланатынын, орын тапшылығын жою үшін не істеліп жатқанын сұрады.

  • Алматы мен Астанада нақты қанша орын жетіспейді?

Министрлік мәліметінше, қазір Алматыда 59,9 мың орын қажет.

"Оның ішінде 40 мың орын жатақханамен қамтамасыз етіледі, бірақ 20 мыңға жуық орын тапшылығы байқалып отыр". - делінген министрлік мәліметінде.

Ал Астанада 15,8 мың орын қажет екен.

"13,5 мың орын жатақханамен қамтамасыз етіледі, 2,2 орын тапшы", - делінген ведомство хабарламасында.

  • Қай қалаларда жатақханалар салынады?

Министрлік өкілі биыл жыл соңына дейін 4,6 мың орындық 16 жатақхана мына қалаларда берілетінін айтты:

  • Алматы қаласында 2,7 мың орын,
  • Астана қаласында 720 орын,
  • Қостанай облысында 324,
  • Солтүстік Қазақстан облысында 244,
  • Шымкент қаласында 600 орын.
  • Хостелдердің бағалары арнайы бекітіле ме?

Министр Алматыда 59 хостелмен келісімшартқа қол қойылғанын, осылайша олар 10 мың төсек-орынға кепілдік беретінін мәлімдеген еді. Бұл орайда министрлік өкілі хостелдердің бағасын иелері белгілейтінін айтады.

"Хостелдер мен қонақүйлерді жалға беру бағасын меншік иелері дербес белгілейді. Алайда бағаны негізсіз көтеру тұтынушы азаюына әкеп соғады", - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, жоғары оқу орны хостелдермен және қонақүйлермен шарттар жасасып, шарттық қатынастар негізінде жалдау ақысы белгілі болатыны айтылды.

"Орташа алғанда төлем мөлшері 30 мыңнан 40 мың теңгеге дейін (хостел мен қонақүйді жалдау - еск.)", - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін бірнеше хостелге жазып, бағасын сұрап көрдік. Бірі бір ай тұру бағасы бір төсек орынға 90 мың теңге екенін, ал енді бірі бір төсек орынға 80 мың теңге екенін айтқан еді.

  • Баратын орын таба алмай жүрген студенттер не істей алады?

Министрлік өкілдері баратын орын таба алмай жүргендерге арналған қандай шаралар жасалып жатқанын айтты. Студенттердің мәселесіне байланысты ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылған.

"Олар студенттерге баспана іздеуге көмектеседі. Осы орталықтар студенттерге жоғары оқу орны жатақханаларындағы орындарды хабардар етеді. Министрлікте тұрғын үй берудің тиімді жүйесін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жедел штабы жұмыс істейді. Штаб Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 22-үй, 1-корпус мекенжайында орналасқан", - делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері биыл 1 қыркүйектен бастап "Білім туралы" заңның нормасы күшіне енетінін айтты. Ал бұл нормада жоғары оқу орны өзінің білім алушыларын жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттелген.

  • Жөндеу жұмысы бітпеген оқу орындарының студенттері қайда барады?

Ведомство мәліметінше, еліміздегі барлық оқу орны басшыларына 15 тамызға дейін оқу корпустарын (оның ішінде асханалар, кітапханалар, әскери кафедралардың кабинеттері, жылыту жүйелері және т. б.) және жатақханалардағы жөндеу жұмыстарын аяқтау бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырма берілген.

Айта кетейік, бұған дейін алматылық риелтор маман Ләззат Ибраева пәтер жалға алуға байланысты бірнеше кеңес берген еді.

1-кеңес. Құжатқа мән беру

Ол үшін үйдің иесін растайтын құжаттарды сұрауымыз керек. Ондай құжатқа жылжымайтын мүлікті сатып алғаны жөніндегі келісімшарт пен үйдің техникалық паспорты жатады. Үйдің иесін білуге осы құжат жеткілікті.

2-кеңес. Қарыз бен борыш

Үйдің сатылымда тұрған не тұрмағанына, коммуналды қарыздары бар-жоғына да көз жеткізген абзал.

3-кеңес. Келісімшартқа қол қою

Үйдің иесі кім екенін білген соң, сол азаматпен келісімшартқа отыру қажет. Пәтер иелерінің кейбірі келісімшарт жасағысы келмейді. Бірақ келісімшарт қос тараптың да құқығын қорғауға, келеңсіз жағдайды дұрыс реттеуге көмектесетін құрал.

4-кеңес. Депозит беруге мән беру

Маманның айтуынша, депозит беру - өте даулы мәселе. Біреуі беру керек десе, енді бірі қарсы.

"Депозит беру үрдісі Қазақстанда кейінгі 2-3 жылда пайда болды. Батыстан келген жаңалық. Депозит алу арқылы үй иесі мүлкін, үйдің жөндеуін сақтандырады. Бұл жағынан дұрыс. Депозит берілгені жайлы келісімшартқа да қосқан жөн. Бірақ менің ойымша, оның сомасы ақылға қонымды болуы тиіс. Кейбір пәтер иелері депозиттің құнын бір айлық жалға беру құнынан да артық сұрайды", - деген болатын риелтор.

5-кеңес. Ешкімге алдын ала ақша бермеу

Маманның айтуынша, риелторға да, үйдің иесіне де алдын ала ақша беруге болмайды.

Қазір риелторлардың көбі нәтиже болғанда ғана ақы алады. Бірақ бұлардың арасында тек жалға берумен ғана айналысатын, күмәнді агенттіктер бар.

"Олар әдетте үйді тауып берместен бұрын 15-20 мың теңге көлемінде ақы сұрайды. Ол дұрыс емес. Сондықтан мұндай күмәнді ұйымдардан бас тартқан жөн", - деген еді ол.

Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақханаларды тексеріп шыққаны, нәтижесінде тапшылықтың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында екені хабарланған болатын.

Сондай-ақ, ата-анасынан айырылған студенттер енді жатақханада тегін тұратыны айтылды. 

"Сезон келе жатыр". Алматы мен Астанада пәтер жалдау қанша болып жатыр?

Кейінірек риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко мен қауымдастық мүшесі Орынбасар Сатаев пәтер жалдауға қатысты маңызды кеңестер берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова