Жезқазғандағы жылу мәселесін шешу үшін жаңа жоба қолға алынды

Жезқазғанның Жылу Электр орталығында бу-газ қондырғысының екі блогы салынбақ. Осы орайда Ұлытау облысының әкімдігі, "Қазақмыс Энерджи" және Қытайдың "Sepco" корпорациясы екі жақты меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жезқазғанның Жылу Электр орталығында жалпы қуаты 100 МВт бу-газ қондырғысының екі блогы салынбақ. Жобаның жалпы құны - шамамен 80 миллиард теңге. Оның 50 миллиард теңгесін "Sepco" корпорациясы құйса, қалғанын "Қазақмыс Энерджи" компаниясы бөледі.  Бұл жоба 2023-2026 жылдар аралығында іске асырылады. 

Ұлытау облысының әкімдігі, "Қазақмыс Энерджи" және Қытайдың "Sepco" корпорациясы екі жақты меморандумға және шарттарға қол қойды.

ЖЭО-да жалпы қуаты 100 МВт екі бу-газ қондырғысын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау және ЖЭО нитеі туралы келісімге қол қою рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, "Kazakhmys Energy" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы және Оңтүстік-Шығыс және Орта Азиядағы "Sepco" корпорациясының директоры Уанг Гуанжонг және Қазақстан Республикасындағы Синохайдро өкілі Ли Тенг қатысты.

Алдымен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен "Kazakhmys Energy" ЖШС бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы арасында "Жезқазған Жылу Электр орталығында жалпы қуаты 100 МВт Бу газ қондырғысының екі блогын салу" жобасын іске асыру туралы Меморандумға қол қойылды.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бұл қаладағы жылу жетіспеу мәселесін шешетінін айтты.

"Құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталады. Бұл да бір жағынан біздің осы қалаға жылудың жетіспеу мәселесін шешеді. Біз басқа да инвестициялық жобаларды жалғастырып жатырмыз. Соның ішінде, бізге ендігі жылы 70 миллиард жоспарланған жел арқылы турбиналар қойып, электростанциялар ашылады", - деді ол.

Одан кейін "Kazakhmys Energy" ЖШС бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы мен Қазақстан Республикасындағы Синохайдро өкілі Ли Тенг арасында Жезқазған қаласындағы Жылу электр орталығы алаңында қуаты ≈ 100 МВт бу-газ қондырғысын құру бойынша келісімшартқа қол қойылды.

Үшінші кезекте "Kazakhmys Energy" ЖШС бас директоры Утегенов Темірлан Исатайұлы мен Оңтүстік-Шығыс және Орта Азиядағы "Sepco" корпорациясының директоры Уанг Гуанжонг арасында бу-газ қондырғысының жобалық құжаттамаларын дайындау бойынша келісімшартқа қол қойылды.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру жұмысы басталған уақытта құрылыс жұмыстарында 300 адам жұмыспен қамтылады, ал ол іске қосылған соң тұрақты түрде 50 қызметкер жұмыс істейтін болады.