"Қазақстан" шахтасындағы өрт кезінде 39 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкер қаза тапқан

"Қазақстан" шахтасындағы өрт кезінде 39 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкер қаза тапқан
Фото: Tengrinews.kz

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасында шыққан өрт кезінде қаза тапқан қызметкердің аты-жөні белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"АрселорМиттал Теміртау Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасындағы өрт салдарынан компания қызметкері, 1965 жылы туған Виталий Владимирович Слюньков (жерасты электршебері, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл) қаза тапты. Біз марқұмның отбасына қайғырып, көңіл айтамыз", - деп хабарлады "АрселорМиттал Теміртау" баспасөз қызметі.

Апат кезінде жер астында 227 қызметкер болған. Апатты жою жоспарын дереу енгізу арқылы 222 адамды жер бетіне жедел көтеріп, қалған төрт кеншіні іздестіру жалғасып жатыр.

"Қазіргі уақытта желдетудің дұрыс режимін қалпына келтіру және кеншілерімізді іздеуді жалғастыру үшін өртті оқшаулау жұмыстары жүзеге асып жатыр. Құтқару қызметтерінің 12 бөлімшесі жұмыс үстінде. Біз марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз, оларға барынша қолдау көрсетеміз", - деді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан