Екібастұз ауруханасында рентген машинасы өртеніп кетті

Екібастұз ауруханасында рентген машинасы өртеніп кетті
Фото: pavlodarnews.kz

Екібастұз ауруханасында рентген машинасы өртенді. Науқастар мен  медицина қызметкерлері эвакуацияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 17 тамызда сағат 12:00 шамасында Екібастұз қаласының ауруханасында бірінші қабаттағы терапевтік корпуста өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Қысқа тұйықталу салдарынан кескінді айқындайтын машинадан өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті сағат 12:26-да оқшаулап, екі минуттан кейін сөндірді. 

"Науқастар мен медицина қызметкерлері эвакуацияланып, көрші корпустарға ауыстырылды, олардың арасында зардап шеккендер жоқ", – деп хабарлады денсаулық сақтау  басқармасының баспасөз қызметі.

Жалпы, 75 адам эвакуацияланды. Оқиға орнына алты техника және жеке төтенше жағдай департаментінің құрамның 33 адамы жұмылдырылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан