Павлодарда үйі сүрілген елу отбасы төрт жыл бойы пәтер жалдап жүр

Павлодар қаласында төрт жыл бұрын баспаналары сүрілген отбасылар әлі күнге пәтер жалдап жүр. Әкімдік өкілдері олардың апат жағдайындағы үйлерін бұзғаннан кейін орнына бір жыл ішінде жаңа пәтер беретіндерін айтқан. Алайда уәде бірнеше жылға созылып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар қаласында бұрынғы Алминстрой шағынауданында 150-дей екі қабатты ағаш үй болды. Олар 1950 жылдары уақытша тұруға салынған еді.

Сондықтан апат жағдайында болатын. 2016 жылдан бастап ол үйлер кезең-кезеңімен сүріліп, орнына Сарыарқа деген жаңа шағынаудан пайда болды.

Ескі үйлері сүрілген тұрғындарға сол жаңа үйлерден баспаналар берілген. Әйтсе де төрт жыл бұрын баспаналары бұзылған елудей отбасы әлі күнге уәделі шаңыраққа қол жеткізе алмай жүр. Осы күнге дейін олардың пәтер жалдап келген шығынын жергілікті билік өтеп отыр.

"Мен күміс алқа алған анамын, алты балам бар. Маған пәтерақы үшін айына елу мың теңге төлейді. Қалған 10 мыңды өзім қосамын және коммуналдық қызмет үшін өзім төлеймін. Бізге бір жылдан кейін "пәтер береміз" деген, әлі жоқ. Былтыр әкімдікке барғанда, "биыл мамырда береміз" деген, міне, тамыз өтіп барады, жоқ", - дейді көпбалалы ана Елена Дудиева.

Әкімдік өкілдері бұл тұрғындарға берілуі тиіс үйдің құрылысындағы мәселелерге байланысты созылып кеткенін айтады. Жылу желілерін өткізу кезінде монополист компаниямен арада келіспеушілік туындаған.

"Қазір мәселе шешімін тауып жатыр. Оның барлығы мердігердің салғырттығынан. Осы күзге дейін тұрғындар баспаналы болады", - деп сендіріп отыр Павлодар қаласының құрылыс бөлімі өкілі.

Бүгінде шағынауданда орнынан сүрілмеген алты ескі ағаш үй қалды.

Ол баспаналарда тұратын адамдар алдыңғылардың кебін киеміз бе деп қорқады. Ал апат жағдайындағы үйде тұру тіпті қорқынышты.

Е.Базарқұл

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!