"Осы шенділердің-ақ ақылы тасып тұрады": Халық 85 000 теңгеге өмір сүре ала ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың "Қазақстанда 85 мың теңге жалақымен өмір сүруге болады" деген пікірі көпшілік арасында біраз талқыға түсті. 85 мың теңге қанша уақыт өмір сүруге жетеді? Massaget.kz тілшісі осы тақырыпта сауалнама жүргізіп, сарапшылардың да пікірін де білген еді.

"Әрі кетсе азық-түлікке ғана жетуі мүмкін"...

Әлеуметтанушы Сымбат Қылышеваның айтуынша, 85 мың теңгеге бір ай өмір сүру мүмкін емес.

"Бұл жерде вице-министр жалақыны көтеру мәселесін қарастырып жатқанын айтты. Ақшасы жетпеген соң халық қажеттіліктері үшін банктер мен микрокредиттік ұйымдардан кредит алады. Жалақысының барлығы дерлік соны жабуға жұмсалады. Әсіресе, табысы төмен болғандықтан тек азық-түлікке жұмсайтыны рас. Қарыздан қарызға дейін өмір сүреді. Өңірлерде теңсіздік көп. Жалпы, халықтың әлеуметтік жағдайын сараптайтын болсақ, 85 мыңға бір айға өмір сүру мүмкін емес. Әрі кетсе азық-түлікке ғана жетуі мүмкін. Бірақ киім-кешек, дәрі-дәрмек алуға қаражат қалмайды", - деді әлеуметтанушы.

"Тек 10 күнге ғана жетеді"...

Отыз жылдан бері мектепте кітапханашы болып еңбек ететін Жанат Нусупова вице-министр айтқан жалақы 10 күнге ғана жететінін айтты.

"Халықтың қажеттіліктен бөлек төлейтін кредиті бар. Бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Әрі кетсе 10 күнге ғана жетеді. Жалпы, ең төменгі жалақыны 180-200 мыңға жеткізу керек. Жалақымды кредитіме және коммуналдық қызметке төлеймін, одан қалса, азық-түлік аламын. 30 жылдық тәжірибем болса да,  94 мың теңге жалақы аламын. Бұл – өте аз. Кітапханашылар мұғаліммен бірдей еңбек етеміз. Балалардың сұраныстарын тауып беріп, ғылыми жұмыстар жазуына көмектесеміз. Абай-Шәкәрім оқуларына, республикалық байқауларға оқушы дайындаймыз. Тек сабақ бермейтініміз болмаса, оқушылармен тығыз байланыс жасаймыз. Бірақ жалақымыз соған сай емес", - деді кітапханашы.

"85 мың теңге бір айға мүлдем аз"...

Депутат Сұңғат Ханаев бір айда 150-200 мың теңге аралығында қаражат жұмсайды екен.

"Бұл пікірмен келіспеймін. Оның себебі көп. Мәселен, азық-түлік бағасының қымбаттауы, киім-кешек, коммуналдық қызметтің өсуі, көлігі бар адамдар үшін бензин бағасының артуы, жолақының қымбаттауы, т.б. Толық өмір сүру үшін 150 мың теңге бір адамға жетеді. Қазақстанға қазіргі таңда орташа сома 100-150 мың теңге керек деп ойлаймын. Өзім кейде 100-150 мың, 150-200 мың аралығында өмір сүремін. Бұл енді әркімнің өмір сүру салты, отбасына байланысты ғой. Дегенмен, 85 мың теңге бір айға мүлдем аз деп есептеймін", - деді депутат.

Осы мәселеге орай әлеуметтік желідегі парақшаларымызда да сауалнама жүргізіп көрген едік. Сауалнамаға 700-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде 6 пайызы "өмір сүруге болады" деп жауап берсе, 94 пайызы қарсы пікір білдірген.

Қатысушылардың ішінде 16 пайызы 50000-70000 теңге жалақы өмір сүруге жетеді деп белгілеген. Ал 20 пайызы 85-100 мың, 40 пайызы 100-350 мың, 24 пайызы 350 мыңнан жоғары соманы таңдаған.

"Өзі миллиондап алады"...

Желі қолданушылары да вице-министрдің бұл сөзіне қатысты "өзі миллиондап алады, 85 мың теңге жетпейді ғой", "оған жететін шығар, барлығын мемлекет төлеп береді", "бұдан да азайту керек жалағысын" деп пікір білдірген.

Желідегі белсенділер де ойларын айтып, арнайы пост салуда. Солардың бірі журналист Гүлмира Әбіқай халықтың несие төлеп, жалдамалы пәтерде тұратынын Еңбек және әлеуметтік вице-министрінің білмейтініне таңғалды.

"Ол адам жемей ме, ішпей ме, киінбей ме, балалары ше? Көп қазақ ай сайын 85 мың тг. кредит төлеп, бұдан көп ақшаны жалдамалы пәтерге жұмсайтынын Еңбек және әлеуметтік вице-министрі қалай білмейді. Осы шенділердің ақылы-ақ тасып тұрады екен. Біреуі, "нанға ақша таппасаңдар, "пирожное" жеңдер" деп еді, келесісі, "зейнет жасын азайтуға неге асығасыңдар, ол - қартаюдың белгісі" дегені есте. Бәрінен де 5 жыл бұрынғы Байбектің "шетелдіктер Алматы мейрамханаларында 500тг тоя тамақ ішеді", энергетика министрі Бозымбаевтың "Астанаға газ келуін құдай ғана біледісін" ұмытқан жоқ шығарсыздар?" - деп жазды жазды Facebook парақшасына ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары, оның пікірін қостап, "бұл министр қазіргі азық-түлік, мектеп құралдарының бағасынан хабарсыз болып тұр ғой", "Түскі асы қанша теңге тұрады екен", "осылармен базар аралап көру керек", "қайнайды қаның, ашиды жаның, доллар дегісі келіп, байқамай қалды-ау", деп жазды.

Ербол Молдабек есімді қолданушысы Шымкентте 85 мың теңге жалақыны қалай жұмсайтыны туралы пікір қалдырған.

- "Айлығым 70 мың. Қосымша жұмыстан +15 мың теңгедей түседі. Үшінші балама 27 мың ба шығады. Қысқасы, кіріс 110 мың теңгедей айына. Пәтерақы 40 мың + ком.қызмет 20 мың теңгедей. 5 адам өмір сүріп жатырмыз. Қайта бұрыннан біреуден алашақтарым болып, содан бөліп-бөліп алып жаратып, онша қиналмай жүргенбіз. Ендігі уақытта қалай күн көрерімізді қайдам... Бұл арзаншылық Шымкенттегі жағдай қайта. Алматы, Астана сияқты қалаларда 85 мың теңгеге бір апта өмір сүру мүмкін емес шығар" - деп жазды ол.