Төрт мұғалім жол апатынан қаза тапты: жүргізуші сотталды

Ақтөбеде төрт бірдей мұғалім қаза тапқан жол-көлік оқиғасына кінәлі деген жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиғаға оралдық такси жүргізушісі айыпталып отыр. Бұл оқиға биыл 1 маусым күні болды. Оралдан Ақтөбе қаласына диплом алуға келе жатқан алты бірдей ұстаз мінген "Ларгус" - жүк көлігіне келіп соққан.

Жол апаты Самара-Шымкент тас жолында Қобда ауданы Өтек ауылы маңында орын алды. Үш адам оқиға орнында қаза тапты. Бір адам ауруханада жан тапсырды. Қалған екі адам ауыр жарақат алған болатын.

Сот отырысына жәбірленушінің жақындары қатысты. Сотта жүргізуші өз кінәсін толықтай мойындап, болған жағдайға қатты өкінетінін айтқан болатын.

"Жалпы, ұйқым қанық. Ішпегенмін. Оңдай жағдай болған жоқ. Бәрі жақсы болды. Жалпы, соңғы рет Жымпиты ауданынан жанармай құйып шыққаным есімде бар. Содан кейін болған жағдай есімде жоқ. Болған жағдайға қатты өкінемін. Жәбірленушіден кешірім сұраймын", - деген еді сотталушы Асылжан Қоштан.

Прокурор сотталушыға жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот айыпталушы шын жүректен өкініп, бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған 4 баласы барын ескерген. Осылайша, жүргізуші бес жылға сотталып, көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жылға айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!