Бастапқы жарна – 10 пайыз: Шымкентте жаңа ипотека пайда болды

Қазақстанда тағы бір жеңілдетілген ипотека пайда болды. Шымкентте Qamqor жаңа ипотекалық бағдарламасы басталды. Оның операторы "Отбасы" банкі болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өтініштер 15 тамыз сағат 11:00-ден 25 қыркүйек 24:00-ге дейін "Баспана маркет" порталында қабылданады. Qamqor ипотекасының шарттары: бастапқы жарна – 10 пайыз, несие мөлшерлемесі – 5 пайыз (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2 пайыз) одан әрі 3,8 пайызға дейін төмендейді. Несиенің ең жоғары сомасы – 20 миллион теңге.

3 миллиард теңге көлеміндегі бірінші траншты Шымкент әкімдігі бөліп отыр. Бұл сомаға 150 адамға несие беріледі. Бастапқы және қайталама нарықта, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үйді Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігімен сатып алуға болады.

Кім қатыса алады

Жаңа ипотекаға келесі мамандық бойынша жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары қатыса алады:

  • дәрігерлер, медбикелер, қызметшілер;
  • мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер;
  • жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары;
  • Ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері;
  • мәдениет және спорт қызметкерлері;
  • шығармашылық одақтардың мүшелері;
  • журналистер;
  • мемлекеттік қалалық ұйымдардың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері;
    энергетика саласының өкілдері.

Қатысушыларға қойылатын талаптар

  • Өтініш бергенге дейін жасы 63-ке дейін;
  • Кейінгі бес жылда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жеке тұрғын үйі болмауы керек. Бұл талап қатысушыға да, оның отбасы мүшелеріне жұбайына/балаларына да қойылады;
  • Кейінгі үш жылда Шымкентте тұрақты тіркеуі болуға тиіс;
  • Шымкентте өз саласы бойынша ресми жұмыс өтілі 12 айдан аз болмауы керек;
  • Бағдарламаға ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады;

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз