Түркістан облысында мола балалар лагерінің аумағына қосылып кеткен

Түркістан облысы Төле би ауданындағы үш ғасырлық тарихы бар "Қақпатас" қорымы 2005 жылы Балдәурен лагерінің аумағына кіріп кеткен. Содан бері жұрт Құран бағыштау үшін де мекеме басшысынан "рұқсат аламыз" деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Сол кездегі Леңгірдің жер комитетінің қатесі, сол кезде былықтырды да, кадастр бөлімінің қателігі. Келіп топосъемка істемеген, әшейін сырттай істеген де жіберген бәрін. Ал кейін 2018-де Артек болды. Олар алғанда сол мемактіні көшіре салған. Ал негізі аумақты өлшеу керек", - дейді Төле би ауданының тұрғыны Қасымхан Өмірзақов.

Қорымға бару үшін лагерь басшысының рұқсатын алған соң журналға жазылып, күзеттің бақылауымен ғана жүруге болады. Тұрғындар сол демалыс аймақтарының ортасында тұрған бейіт жынойнақтың ордасына айналды дейді. Кедергісі көп деп келушілері аз болған соң, Қақпатас қорымының бір бөлігі бүлініп, тіпті адам сүйектері көп шығады екен. Бұл жолы да бірнеше мүрде аяқасты болып шықты.

"Ұлдар мен қыздардың осы жерде жынойнақы болып жүргенін байқадым талай. Содан енді бұл әулиелі жер. Мазараттың өзі жынойнаққа айналып кетті. Әлгі әруақтарды құрметтемеді. Сол үшін бізге тазалық керек. Басқа керек. Қазіргі басшыларға айтарым, өлі разы болмай тірі байымайды", - дейді Төле би ауданының тұрғыны Бақытжан Өмірзақов.

Ал жергілікті басшылар Қаржы министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің теңгеріміне кеткен 2 гектарға жуық моланы қайтару үшін қанша арыз жазғанымен, мардымды жауап болмай жатыр деп отыр.

"Шешімі тек жаңағы аталған министрліктер барлығы отырып, бір консилиум жасап, жиналыс жасап, ақылдасып, енді нақты 28 сотығы мазардың кіріп тұрғаны анық көрініп тұр. Енді ауданның арнайы жерін қайтарып, мазараттың орнына бөлек мемлекеттік акт заңдастырып беру тек қана", - дейді Төле би аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дәулет Исабекұлы.

Ал марқұмдарды жерлеп, Құран бағыштау үшін, әркімге жалынудан мезі болған жұрт Қақпатас қорымына барар жолды тау арасымен өздері салып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!