"Теңізшевройлға" 2,8 миллиард теңге айыппұл салынды

"Теңізшевройлға" 2,8 миллиард теңге айыппұл салынды
Фото: elements.envato.com

Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші "Теңізшевройлға" 2,8 миллиард теңге айыппұл салынды. Атырау облысындағы Экология департаменті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Департамент мәліметінше, 2023 жылы Атырау облысы бойынша экология департаментіне Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан​ "Теңізшевройл" ЖШС тарапынан қоршаған ортаға экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды шығару, рұқсат етілген нормативтерден асып кету және жер бүлдіру деректері анықталғаны көрсетіліп, заң бұзушылыққа жол берген тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылған.

"Осыған орай, Департаментпен "Теңізшевройл" ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328 және 337-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, қарау үшін Жылыой аудандық сотына жолданды", - дейді ведомство өкілдері. 

Жылыой аудандық сотымен жоғарыда аталған істер біріктіріліп қаралып, нәтижесімен соттың 27 шілдедегі қаулысымен "Теңізшевройл" ЖШС-не жалпы сомасы 2,8 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина