Шымкент лагерьлерінде балалардың құқықтары бұзылған

Шымкент лагерьлерінде балалардың құқықтары бұзылған
Фото: gov.kz

Шымкент лагерьлерінде балалардың құқықтары бұзылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Шымкент қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Hawaii лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жүзеге асырған, ал 2023 жылы бұл лагерьге 478 баланы орналастырған.

"Ең көбі 220 баладан аспайтын "Үш бұлақ" лагерінде 310 оқушы орналастырылған, тиісінше бір баланың ұйықтайтын орны 4 шаршы метрдің орнына 2,8 шаршы метрге дейін қысқарған", - делінген ведомство мәліметінде.

Сонымен қатар, лагерьлердің көптеген қызметкері еңбек шартынсыз жұмыс істегені, медициналық қызметтерді біліктілігі жоқ және медбике маманының сертификатынсыз қызмет көрсетіп жатқаны анықталған.

"Медициналық кабинеттер белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, міндетті медициналық препараттар мен жабдықтар жоқ", - делінген хабарламада.

Бұл іс бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр, нәтижелері бойынша шаралар қабылданатыны хабарланды.

Еске салайық, бұған дейін де әлеуметтік желіде алматылық мектеп оқушылары балалар лагеріне тегін жолдамалар алғаны, бірақ сауна ғимаратына орналастырылғаны туралы хабар тарады. 

Бұл туралы мектеп оқушыларының бірінің туысы Инка Рокеровна Facebook-парақшасында бөлісті. Оқиға Алматы облысы Ұзынағаш ауылында болған. Мұнда жазғы демалысты демалыс орнында өткізу үшін Алматыдан ондаған бала әкелінген. Алайда мектеп оқушылары жайлы жағдайдың орнына тар, желдетілмейтін бөлмелерге орналасқан. Сонымен қатар, лагерь сауна ішінде орналасқан, сыртында өзге ер адамдар жүрген.

Артынша Алматының Білім басқармасы лагерьмен соттасатыны белгілі болды. Сонымен қатар, депутат Нұргүл Тау Алматыдағы сауна ғимаратында орналасқан лагерьге мемлекеттен 107,8 миллион теңге бөлінгенін анықтады. 

Сондай-ақ, кейінірек Алматы облысындағы тағы бір лагерь де жұрттың ашуына тиген еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова