Экс-әкімнің былығы: Талғардан жер алып алданғандар көмек сұрайды

 Алматы облысы, Талғар ауданында жер алып, сан соқтық деген адамдар құзырлы органнан араша сұрайды. Олардың айтуынша, Бесағаш ауылының бұрынғы әкімі әйелінің атынан жер сатқан. Кейін құжаттың заңсыз екені анықталып, сот телімдегі нысанды сүруге шешім шығарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, жәбірленуші тарап миллиондаған ақша аударғанын дәлелдейтін түбіртек болғанмен, арыз жазылғанмен, экс-шенеунік пен әйелі әлі күнге жауапқа тартылмады дейді. Алматы облысы полиция департаменті даулы іске қатысты пікірін айтты.

Алматының Құлжа тас жолының тұсы кезінде Талғар ауданына қараған. Кейін қала шекарасы кеңігенде мегаполистің балансына өтті. Кирас Насибаев дәл сол аралықта бизнес бастаймын деп, 1700 шаршы метр бітпеген ғимаратты қыруар қаржыға экс-әкімнің келіншегінен сатып алыпты. Әу баста құжаты дұрыс болғанмен, кейін прокуратура заңсыз деп тауып, сот үш қабатты нысанды сүруге шешім шығарған.

"Бітіргеннен кейін Үкімет менен мемлекет қажетіне сатып аламыз деді. Алыңдар дедім. Маған 696 миллион теңге берді. Сөйтсем Талғарда соттасқанда жойып тастаған. Әйелі - Сарванова Наташа. Әкім болғанда өз әйеліне бұл жерді рәсімдеп тастаған. Ақшамды қайтармай жүр. Үкіметтің ақшасын қайтаруымыз керек, менің ақшамды қайтармай тұр, Сарванова. Қашып жүр. Қайда жазсам, барады да, сатып алады", - дейді жәбірленуші Кирас Насибов.

Жасы 70-ке жеткен ақсақалдың қақпаған есігі қалмаған. Жаңа жылға дейін Үкіметтің жерді кері алып, үш қабатты ғимаратты сүргені үшін өтемақы ретінде берген миллиондаған ақшасын қайтаруы тиіс. Өзін алдап соққан экс-әкімнің әйеліне де, сот жәбірленушіге күйген қаржысын өтесін деген шешім шығарғанмен, ешқандай шара қолданбай жатқанына күйінеді.

"Толық материал жиналған. Біздің ақша бергенімізді дәлелдейтін құжаттар тұр. Көзбе-көз беттестіргенде екінші тарап "иә, ақшаны алдық" деп мойындап тұр. Областағы ІІД тергеушілері өте баяу қозғалып жатыр. Талғар ауданына алаяқтық бабымен арыз жаздық. Наурыз айынан бастап іс қозғалған. Содан бері не қамау, не процессуалды бір шешім шығару керек қой. Мысалы, екі ай тергеп-тексеру", - дейді адвокат Қайрат Молдахметов.

Қомақты қаржысынан айырылғандардың ісін қазір облыстық полиция департаменті қарап жатыр. "Іс сағызша созылды" деген жәбірленуші тарапқа жауап берді.

"Алаяқтық бойынша Талғар ауданының басқармасында тіркелген. Қазір тергеу әрекеттері Алматы облысының полиция департаментінің тергеу басқармасының құзырына алынды. Қылмыстық процеске қатысқандардың ұстанымына қарама-қайшы. Осыған байланысты істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық қажет тергеу жүргізіліп жатыр. Түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданатын болады", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин. 

"Алаяқтардың арбауына түстік" деген жәбірленуші тараптың ендігі тілегі - істі тез сотқа жеткізу. Жаңа жылға дейін мәселе біржақты болмаса, банкротқа ұшыраймыз ба деп уайымдайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!