"Қазақстаннан енді ешқайда кетпейікші". Атыраулық келіншек Сириядағы өмірін еске алғысы келмейді

Осыдан төрт жыл бұрын екі сәбиімен соғыстың ортасынан оралған келіншек бейбіт елде өмірі түбегейлі өзгергенін айтты. 

Бір кездері "Жусан" операциясымен елге оралған Лияның айтуынша, күн сайын жарылған бомба мен снарядтардан қашып өмір сүргеннен кейін қазіргідей бейбіт өмірге бірден бейімделе алмаған.

"Бастапқыда екі сәбиіммен Ақтаудағы оңалту орталығында тұрдық. Ол жерде бізбен психологтар, заңгерлер жұмыс істеді. Кейін Атырауға оралдық. Балаларымның бірі мектепке, екіншісі балабақшаға бара бастады. Сөйтіп жүріп елде үшінші сәбиімді аман-есен өмірге әкелдім. Бастапқыда балаларым ұшақтың дауысынан қорқатын. Себебі Сирияда әскери ұшақтар әуеден бомба тастайтын. Балаларым ұшақтың дыбысын естігенде жерге отыра қалып, жылайтын болды", - дейді Лия.

Балалары қорқыныш пен үрейден оңай арылмапты.

"Шошынып, жылайтын кездері көп болды. "Қазақстаннан енді ешқайда кетпейікші" деп жалынатын. Сириядағы қасіретті күндерімді қазір еске алғым келмейді. Мен ол жаққа күйеуімнің соңынан еріп кеттім. Ол Сирияны шынайы мұсылмандардың елі, біз халифат құрамыз, дін заңдарымен өмір сүреміз деп әкетті. Сирияға барғаннан кейін біз жай ғана ойыншылардың арасындағы соғысқа тап болғанымызды түсіндік. Бірақ бәрі кеш еді. Себебі ондағы баскесерлер шет елдік азаматтарды шығармайтын, соғысқа пайдаланатын", - дейді Лия.

Бір кездері отбасынан бас тартқан Лия қазір әкесімен қарым-қатынасын дұрыстаған. Күйеуі де "Жусан" операциясымен елге оралған.

Қазір Лия жеке фирмаға жұмысқа орналасқан. Бос уақытында киім тігеді, қазақ жазушыларының кітаптарын оқып жүр.

"Туған елде алаңсыз өмір сүруден асқан бақыт жоқ екен. Мен қан сасыған Сирия даласында жүріп "бақытты билетті" ұтып алған адаммын. Қазір әр күніме шүкіршілік етемін. Желкілдеп өсіп келе жатқан үш балапаным ең мықты мотиваторларым, мен олар үшін әр күнімді мәнді өткізуге ұмтыламын", - дейді Лия.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!