Алматының Абай даңғылындағы жөндеу жұмыстары аяқталды

Алматының Абай даңғылындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, ұзындығы Абай даңғылының Тілендиев көшесінен Достық даңғылына дейінгі 6,5 шақырым болатын бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған еді.

"Шілде айында орташа жөндеу жұмыстары басталып, оны 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жұмыстар түнде жүргізілді. Жөндеу жұмыстары барысын жылдамдату мақсатында даңғыл бойынша екі мердігер ұйым қатар жұмыс істеп, көлік жүретін бөлікті 12 тамыз күні аяқтауға мүмкіндік туды. Тротуарларды жөндеу жұмыстары 31 тамызға дейін аяқталады", - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда даңғыл бойынша жол таңбаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, Абай даңғылы 2012 жылдан бері жөнделмеген. Техникалық қорытындының негізінде даңғылға орташа жөндеу жұмыстарын жасау туралы шешім қабылданды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз