Қарағанды облысында мал жаюға қатысты жаңа ереже бекітілді

Қарағанды облысында қараусыз малдан жол апаты жиілеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұндай жол апаттары Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Абай, Қарқаралы аудандарында тіркелген. Сондықтан облыстық мәслихат мал жаю ережесін бекітті. Мал иесінің жауапкершілігін нақтылайтын тәртіптің мәнісін облыстық орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жауапты басқарма өкілдері мен полиция қызметкерлері түсіндірді.

Мамандар мал өсірген соң иесі төрт түлікке толық жауапты екенін айтады.

"Бұл ережелер Қарағанды облыс аумағында міндетті саналады. Ереже жануарлар иесінің жауапкершілігін айқындайды. Жеке және заңды тұлғаларға тиесілі жануарлар меншік нысанына қарамастан есепке алынады және тіркеледі", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айым Асқарова.

Полиция қызметкерлері күн сайын облыстық және республикалық маңызы бар жолдарға тексеріс жүргізеді. Жүргізушілердің назарын аудару үшін жануарлардың макеттері тіпті жол бойына орнатылған. Десек те, жол бойында мал қағу оқиғалары көп тіркеліп отыр. Бүгінде мұндай 23 оқиға тіркелген.

"Енді малды қараусыз қалдырған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады", - деді Қарағанды облысының полиция департаменті ЖПҚ бастығының орынбасары Талғат Оспанов.

Енді ірі қара мен жылқы иесі малына аса жауапты, сақ болуы керек. Сонымен қатар, міндетті ветеринариялық рәсімдерден өтпеген малды өріске жібергені үшін де мал иесіне шара қолданылатыны айтылды. Бұл ретте әкімшіліктік хаттама толтырылып, айыппұл салынады.  Полиция алғашына мал иесіне ескерту жасайды, бірақ бұл тағы да анықталса, мал иесі 3 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Айта кетейік, иесіз жүрген малдарды тәртіп сақшылары, ауылдық әкімдік өкілдері арнайы мал ұстайтын орынға апарып қамауға құқылы. Бүгінде облыс аумағында мал қамайтын 16 арнайы орын жасақталған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!