"Ойбай, өлдім!" Түркістанда лифт шахтасына құлап қаза тапқан әжейдің видеосы пайда болды

Түркістанда 74 жастағы зейнеткер лифт шахтасына құлап қаза тапты. Оқыс оқиғаның видеосы пайда болды. Видеодан лифт шахтасына құлап кеткен әжейдің сөйлеп жатқаны естіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жантүршігерлік оқиға, 13 тамызда кешкісін болған. Әжей Жаңа қаладағы №6 көпқабатты үйдің 3 қабатына жедел саты арқылы көтерілмек болғанда, лифт шахтасына құлап кеткен. Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған.

Билік өкілдері сол күні лифтіні жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтады. Әжейдің есікті қалай ашып, құлап кеткені әзірге белгісіз. Өйткені, оны бірінші көрген көршісінің айтуынша, "лифтінің есігін ашуға соқталдай азамат болмаса, егде тартқан кісінің шамасы жетпейді. Мен келгенде апа астында құлап жатты", - дейді.

Көршісі бірден жан-жақтан көмек сұрап, жедел-жәрдем шақырған. Куәгерлердің айтуынша, арнайы құтқарушылар оны сыртқа алып шыққанда, ауруы жанына қатты батқан әже "Ойбай, өлдім!" деп даусы әзер шығып тұрған. Алайда, ауруханаға жеткенде, әжей көз жұмған.

"Лифт мүлде істемейді, арнайы белгілер қойылмаған және жарық шамдар өшірулі тұрады деп", - ашынды тұрғындар.

Олар балалар немесе сырттан келгендер құлап кете ме деген үрей құшағында отырғанын айтады.

Бұл үйлер 2022 жылдың ақпан айында тапсырылған. Содан бері осындағы жұрт лифтінің тоқтап, жиі бұзылып жатқанын айтады. 5-қабатта тұрғын үйдің лифтілерін жөндеумен айналысатын Lift Pro servis компаниясы жеделсатыны жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. 

Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Облыстық полиция департаменті істің мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады. Ресми ақпаратты тергеу жұмыстарынан соң белгілі болады.

Еске салай кетейік, бұған дейін Түркістанда 74 жастағы зейнеткер лифт шахтасына құлап қаза тапқаны хабарланған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!