"Соңғы бір жылда мүлдем дәрі ішпедім": 65 жасында “Әлем кубогы” жарысында 7-орынды иеленген апа

"Соңғы бір жылда мүлдем дәрі ішпедім": 65 жасында “Әлем кубогы” жарысында 7-орынды иеленген апа
Фото: Желідегі жеке парақшасынан

Ол 65 жасында “Әлем кубогы” жарысында 7-ші орынды иеленген. Спортпен жасы алпыстан асқан соң айналыса бастаса да бүгінгі күні ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүрген Зейнегүл Махатқызы скандинавиялық жүріспен басқаларды да айналысуға шақырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зейнегүл Махатқызы – 35 жыл жедел жәрдем дәрігері қызметін атқарып, екі қыз тәрбиелеген 65 жастағы ана. 2013 жылы зейнетке шығуына тура бір жыл қалғанда, жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан жерінен көлік қағып арбаға таңылған. Дәрігерлер екі аяқтың төменгі сүйегінің сынуы, жамбас сүйектерінің жарылуы, бел сүйектерінің компрессиялық сынуы, кеуденің 12-11 және 7-ші мойынның көгеру диагноздарын қойып, енді жүре алмайтынын жеткізген. Алған жарақаттарының ауырлығына қарамастан, көлік апатына кінәлі көлік жүргізушісінің үстінен арыз жазбай, еркіне жібереді. Бұл шешімін “Ең маңыздысы ол өз қателігін түсінді” деп түсіндірді.

“Басында ол жігіттің үстінен арыз жазып, өз жазасын алуын қаладым. Алдыма келген кезде ашу үстінде оны көргім де келмеді. Бір күні палатада жүгіріп жүрген кішкентай баланың мені қағып кеткен жігіттің ұлы екенін білдім. Сол уақытта өзіме сұрақ қойдым. Бұл жігітті түрмеге отырғызғаннан мен не аламын? Маған не пайда деп ойландым. Кішкентай баланың әкесіз өскенін қаламадым. Әрбір қателік – бір сабақ. Осы сәттен бастап ішімдегі ашу-ыза басылып, ақылмен ойлана бастадым. Ол қайта келіп кешірім сұрады, ең маңыздысы ол өз қателігін түсінді” - дейді Зейнегүл Махатқызы.

Көлік жүргізушісімен ашық сөйлесіп, оны кешірген сәтінен бастап денесіндегі көгерулер ағарып, жазыла бастаған. Анамыз жолапаты болғаннан соң 3 күннен кейін алғаш рет көз іліп, ұйықтай алғандығын айтады. Оның ойынша, адам баласының ішінде қаншалықты ашу-ыза көп болса, ол ішінен шіріп, барлығы сыртына шыға береді.

 

    Ауруханадан 10 күннен кейін арбамен шыққан. Өздігінен жүре алмаған кезінен бастап аяққа тұрғанша әпке-сіңлілері қарасқан. Тіпті, әпкесі өз отбасын қалдырып, сіңлісінің үйіне көшіп келген көрінеді. Тезірек аяққа тұрайын деген мақсатта, алғашында еденмен еңбектеп жүріп, кейін үй ішінде бөлмеден бөлмеге арқан тартып жүрген.

     “Мен жол апатына түскен уақытта үлкен қызымның аяғы ауыр болды. Қанша рет келемін деп талпынғанымен, мен рұқсатымды бермедім. Қызымның ішінде кішкентай өмір бар, мені өз көзімен көрген кезінде қайғырып, көңілі түссе оның барлығы баласына барады. Мен немеремнің дені сау болып дүниеге келгенін қаладым. Оған қоса, әпке-сіңлілерімнің көздерінен маған деген қамқорлықтарын көрген кезде, оларды бұл ауыртпашылықтан босатқым келді. Осындай алға ұмтылыстарымның жемісі міне, қазір өз аяғыммен жүріп келемін” - деп ағынан жарылды Зейнегүл Махатқызы.

     Ұзақ еңбегінің арқасында аяққа тұрып, жұмысын жалғастырады. Тағы үш жыл жұмыс істеп, жасына жеткенде зейнетке шыққан. Бос уақытында 4 жастағы немересімен көшеде келе жатып скандинавиялық жүріс туралы оқып қалады. 

    “Немерем екеуміз балабақшадан көше бойымен қайтып келе жатқанда, немерем маған қарап “Апа, өміріңді ұзартатын жер ғой, бармайсың ба?” деп айтты. Жүр, барып көрейік деп ішіне кіріп, скандинавиялық жүріс орталығы екенін білдім. Сонымен, қызығып, міне, екі жылдан бері скандинавиялық жүріспен айналысып келемін” - дейді апамыз.

      Жыл бойы үздіксіз жаттығулардың көмегімен Алматының Баум тоғайында ONWF (Дүниежүзілік скандинавиялық серуендеу Федерациясы) қамқорлығымен скандинавиялық жүруден өткен “Әлем кубогы” жарысында 60-69 жас арасында әлем бойынша 7-ші орынды иеленген. Зейнегүл анамыз мүлде автобуспен жүрмейді, қала ішінде жаяу жүргенді ұнатады. Аптасына үш рет дүйсенбі, сейсенбі, жұма күндері өтетін скандинавиялық жүріс жаттығуына үзбей қатысады. Осы спорт түрімен айналысып бастағалы денсаулығы жақсарғанын байқаған. Скандинавиялық жүріс адам денсаулығына өте пайдалы, ол жүрек соғысының жиілігін арттырып, бұлшықеттерді 90% шынықтырады, буын мен омыртқаға түсетін күшті 30%-ға төмендетеді.

“Соңғы бір жылда мен мүлдем дәрі ішпедім және ауруханаға барып тексерілген емеспін. Мұның барлығы скандинавиялық жүріспен айналысуымның нәтижесі. Менің ойымша, әр адам өз өмірінің иесі, дәрігер тек ненің дұрыс, бұрыс екенін айтады, ал қалғаны өз қолымызда. Менің денсаулығым мен үшін бірінші орында болды, сондықтан мен тек алға ұмтыла бердім.” - дейді  Зейнегүл Махатқызы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы