Қордайда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданы Ауқатты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңа заманауи нысан "Ауыл - ел бесігі" жобасы аясында бой көтерген.

Құрылысын мердігер "Тараз-Ісмер" ЖШС жүргізген кешеннің жобалық құны 351,7 миллион теңге болған.

Салтанатты шарада облыс әкімі ауылдықтарды қуанышымен құттықтап, Жамбыл спортының жоғары мәртебесіне тоқталды.

"Халқымыздың шынайы серігіне айналған спорт – бүгінде үлкен мемлекеттік қолдауға ие. Қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,7 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 39,6 пайызына жетті. Өңірімізде спорт саласын дамыту үшін биыл жалпы 13,3 миллиард теңге қаралған. Жаңадан спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне беріліп жатыр. Өңірде спортпен айналысамын деген әрбір азаматқа қолайлы жағдай жасалуда. Өткен жылы облыста 4 спорт нысаны мен 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 23 спорт нысаны мен 38 спорт алаңшасының құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 16 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Заманауи спорт кешендері бар шалғай ауылдардың да қатары артып келеді", - деді Нұржан Нұржігітов.

Ауқатты ауылының ардагері Әділбай Семжанов ауқаттылықтардың атынан ризашылығын жеткізіп, лебізін білдірді.

Бұдан соң қонақтар мен тұрғындар жаңа кешенді аралап, танысты.

Мұнда ауылдықтар спорттың 10-ға жуық түрімен айналысады.  

Айта кетейік, жалпы аудан бойынша бүгінде 351 спорттық нысандар жұмыс істеп жатыр.

Материалды Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!