Жазда ұйықтауға кедергі болатын себептер аталды

Жазда ұйықтауға кедергі болатын себептер аталды
Фото: elements.envato.com

Сомнолог Елена Цареваның сөзінше, жазда адам басқа маусымдарға қарағанда нашар, тіпті аз ұйықтауы мүмкін. Sputnik радиосына берген сұхбатында ол мұның неге байланысты екенін айтып, ұйқыны қалай қалыпқа келтіру керек екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Біріншіден, дұрыс ұйықтай алмау жатын бөлмедегі ауа температурасы тым жоғары екеніне байланысты болуы мүмкін. Маман ұйықтар алдында бөлмені мұқият желдетіп, ондағы жайлы атмосфераны қалыптастыруға тырысу керек екенін айтады.

Сонымен қатар, ұйықтайтын көрпеге назар аудару керек, бұл қалыпты ұйқыға кедергі келтіретін фактор болуы әбден мүмкін.

"Адам қысқы, ауыр көрпені оранса, температура жоғарылайды", - деді маман.

Сапасыз төсек-орын да ұйқы бұзылуына әсер етуі мүмкін екен.

"Ұйқы бұзылуының тағы бір себебі - қатты терлететін төсек-орын, оның нашар материалы", - деп ескертті маман.

Оның айтуынша, жазда табиғи маталардан жасалған көрпе, жамылғыларды және жастық қаптарын пайдалану өте маңызды.

Ыстықта ағзадағы су-электролит балансы бұзылуы мүмкін, бұл өз кезегінде ұйқының нашарлауына әкеп соғады екен.

"Ыстықта суды және электролиттерді жоғалтамыз. Олардың теңгерімсіздігі ұйқыны бұзады", - деп түсіндірді сомнолог.

Бұған жол бермеу үшін көбірек су ішу керек және құрамында кофеин бар сусындарды шектеу қажет екен. 

Ұйқыға теріс әсер етуі мүмкін тағы бір себеп - жарық.

"Көздің торлы қабығына жарықтың әсер етуі денеде мелатонин гормонының аз өндірілуіне ықпал етеді, ал бұл ұйқыға және ұйқының ұзақтығына әсер етеді", - деп түсіндірді дәрігер.

Егер мәселе жарықта болса, ұйқыға арналған маска көмектесе алады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова