"Екі жылдан бері құр уәдеге тойдық"

Ақтөбе облысы Темір ауданы Еңбекші ауылының тұрғындары әкімдік пен басқарма басшыларының құр уәделерінен шаршағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауданның Алтықарасу округіне қарасты Еңбекші ауылының тұрғындары екі жылдан бері тиісті мекемелердің "көгілдір отын кіреді" деген құр уәделерінен қажыған. Тұрғындар жиналып мәселені айтып, редакцияға видео жолдады. Халық құбыр қазылған жерлерді де бейнежазбаға түсіріп алған.

Ауыл ақсақалы Сайын Боранқұловтың осы шаруаны айтып бармаған жері қалмапты. 2021 жылы ауыл тұрғыны сол кездегі облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қабылдауында болып, ауылға газ керек екенін айтып, халықтың жанайқайын жеткізген. Кейін әкімдік өкілдері Еңбекші мен Алытақарасуға газ тартылатынын, жобалық құжаттама жасалғанын айтып, жұртшылықты қуантады.

"Былтыр тендер ойнатылып, оңтүстіктің "Энергоресурс" деген мекемесі ұтып алды. Жұмысты бастағанмен, дұрыс жүрмеді. Күзге дейін екі шақырым жерге ғана құбыр тартылды. Сонымен тоқтады. Биыл мамырда қайта қолға алды. Бірақ іс аяқталған жоқ. Бас-аяғы 7 шақырымға жуық жерге құбыр төселді. Мәселені тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы мекемесінің басшысына, облыс әкіміне екі рет кіріп айттым. Алайда шешілген шаруа жоқ. Екі жылдан бері халық көгілдір отынды күтіп отыр. Құр уәдеге тойдық", - дейді Сайын Боранқұлов.

Өңір басшысы Ералы Тоғжанов Темір ауданының халқымен кездескен кезде тұрғындар осы мәселені тағы көтерген. Сол жиында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы тамызда құрылыс аяқталып, газ берілетінін айтқан. Алайда мәселе сол күйі тұр.

"Біз айта-айта шаршадық. Тендерді ұтып алған жігіттер әдемі сөйлейді, бірақ істерінде ешқандай жауапкершілік жоқ. "Бір күні ақша болмайды, екінші күні құбыр жоқ" дейді, сонымен ештеңе істелмей тұр. Тамыздың ортасы болды. Егер осылай жалғаса берсе, биыл да ауылға газ кірмейді. Біздің күдігіміз - осы. Енді қайда шағымданарымызды білмей діңкеміз құрып отыр", - дейді ауыл тұрғыны.

Ал ауыл тұрғыны Зинаш әже мұндағы халық көшкісі келмейтінін айтады.

"Ауыл қонысқа ыңғайлы. Халық сыртқа көшкісі келмейді, керісінше көшіп келгісі келетіндер бар. Бірақ газ болмағасын келмей отыр. Көгілдір отынды күткенімізге екі жыл болды. Биыл "газ келеді" дегесін отын да алған жоқпыз", - дейді Зинеш әже.

Еңбекшіде 100-ден аса үй, 500-ге жуық тұрғын бар. Ауыл мал шаруашылығына қолайлы. Сондай-ақ, 11 жылдық мектеп пен балабақша, 100 орындық клуб, кітапхана жұмыс істейді. Былтыр 67 миллион теңгеге медициналық бекет салыныпты. Ауданның азаматтары ауыл ортасынан саябақ салып берген. Шағын ауылдың тұрмысы жақсы. Шаруасы түгел.  

"Жұмыссыз адам жоқ. Барлығы мүмкіндіктері келгенше мал өсіріп, еңбек етіп жатыр. Ешкімнің кеткісі келмейді. Бізді қинап тұрған - көгілдір отын және ауызсу. Оның да құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Осы екі мәселе шешілсе, ауыл гүлдене түсер еді", - дейді Сайын Боранқұлов.

Бұл мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына хабарластық. Басқарманың газ бөлімінің басшысы Самат Лепесовтың айтуынша, тендерді Түркістан облысының "Энергоресурс" мекемесі ұтып алған. Жобаның құны - 300 миллион теңге. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын былтыр бастаған, жоспар бойынша биыл аяқталуы керек. Алайда бүгінгі таңда жұмыс тоқтап тұр.

"Ауылішілік газ құбырларын жүргізу үшін материалдар әкеліп қойды. Екінші газ құбырларын сатып алуға келісім шарт жасалып жатыр. Мердігер мекемеге хабарластық. Жұмысшыларды жібереміз деп отыр. Жер қазатын көліктерін әкеледі. Екі бригада болады. Жалпы жеткізуші газ құбырының ұзындығы - 22 шақырым. Оның 5 шақырымы аяқталды. Ауылішілік газ құбырының ұзындығы - 4 шақырым. Оның да материалы әкеліп қойылды. Ауылға көгілдір отын жылдың соңына дейін беріледі. Тамызда берілмейді", - деді бөлім басшысы.

Еңбекші мен Алтықарасу ауылына газ Ақсайдан Шұбарқұдыққа баратын газ құбырынан тартылып жатыр. Қазір Алтықарасудағы құрылыс жұмыстары аяқталып, дайын тұр екен. Енді екі ауылға газ кіруі үшін Еңбекшідегі құрылыс аяқталуы қажет.

 

Кәмшат Сексенбайқызы

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!