"Шенеуніктің баласы, орысқа қызмет еткен, қазақты менсінбеген". Абай туралы даулы пікірлер қайдан басталды?

"Шенеуніктің баласы, орысқа қызмет еткен, қазақты менсінбеген". Абай туралы даулы пікірлер қайдан басталды?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Кеше - ұлы ақын Абайдың туған күні. Қоғамда Абайға қатысты түрлі даулы пікір айтатындар да бар. Осындай бір топ Абайды шенеуніктің ұлы, қазаққа қарсы болған, шығармаларын өзі жазбаған деген сынды пікірлер айтады. Massaget.kz тілшісі мұндай пікірлер қайдан басталғанын білу мақсатында абайтанушы Жабал Шойынбетпен сұхбаттасты.

"Орысқа қызмет еткен, қазақты менсінбеген". Қоғамда Абай туралы не айтылып жатыр?

Әлеуметтік желілердің бірінде Әсет Ахмет есімді қолданушының Абай туралы жазбасы тарады.

"Қазақты чморить еткен Абайдың туған күні екен бүгін. Тойлап жатсыздар ма? Абай кезіндегі чиновниктің баласы ғой, сосын қара қазақты менсінбей, чморить еткен. Бірақ көңілге ой салатын жақсы да дүние жазған. Жалпы айтқанда, Абайға көзқарасыңыз қандай?", - дейді ол.

Желіде Абай туралы кереғар пікірдің бірі бұл ғана емес. Көпшілік ақынды орысқа қызмет еткен, байдың баласы деп сынаған.

"Коллабрант, орысқа қызмет еткен әкесі екеуі. Қазақтардың Абайға деген махаббатын түсінбей-ақ қойдым", "Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін" деген теріс сөз осындайларға қарап шығарылған", "Сізбен толық келісемін, менімше де, Абай қазақты жамандап, орыстарға жағымпазданғаны - ол, сол замандағы уақытқа сай, өз малын, жерін сақтап алуға сондай оймен істелген. Қазақтың өзін-өзі бағалау, сана-сезімін әлі күнге дейін төменгі дәрежеге түсіріп тастағаны анық. Біз бәріміз әбден өз-өзімізді жамандаумен айналысып кеттік", "Абайдың әкесі заманындағы шонжар, қазіргі тілмен олигарх болғаны рас. Қазақтың кеудесін басу керек болды. Әйтпесе 3-4 жыл ішінде 300-ден артық көтеріліс жасап соғыса берген қай халық бар?! Өр кеуде болған ғой қазақ. Сол басылғаннан қайта көтеріле алмай жүрміз. Қорқақ, ынжық кеуде боп кеткенбіз. Ол да рас. Содан ғой қазіргі қазақ пен қазақ хандығы кезіндегі қазақтың айырмашылығы жер мен көктей деп жүргенім. Өрлік, рух жағынан", - деп жазған өзге де әлеуметтік желі қолданушылары.

Абай "жоба" ма?

Абай туралы мұндай пікірлер бірнеше жылға созылып келе жатыр. Мәселен, 2020 жылы Зәуре Батаева есімді филологтың "Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны" атты мақаласы жарық көрді. Бұл еңбекте автор Абай мен Әлихан Бөкейханұлы бір адам деген ой меңзелген. 

"Абайдың бейнесі арқылы Бөкейханов өзінің саяси жобасының шығармашылық компонентін құрады: ұзақ уақыт орыстандыру саясатын көздеген орыс-қазақ зиялыларына орыс мәдениетіне толық сіңісе отырып, өзінің көшпелі мәдениетінен қол үзбеген, үлгі тұтарлықтай мінсіз қазақ бейнесін көрсеткісі келсе керек. ...Осы аралықтағы жылдарда Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов үшеуі бірігіп, көптеген мәдени-ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Солардың бірі - 19 ғасырда өмір сүрген "Ибраһим (Абай) Құнанбай" деген біртуар ақын және ойшыл қазақтың өмірі мен шығармашылығын үлгі етіп, халыққа тарату жобасы еді", - делінген мақалада.

Осындай даулы пікір айтып жүргендердің бірі - Жанұзақ Әкім. Ғалымның пікірі БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, тарап кеткен. Оның пікірінше, Абай қара сөздерін "өзі жазбаған".

"Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді" дейді Асқар Сүлейменов. Абайдың бар жазғаны 1 том (50-60 өлең және сонша қарасөз). Гете 146 том жазған. Оның 10-нан астамында қазақты кемсіту. Сол үшін коммунистер оны 70 жыл бойы ұлттық идеологияны негізі етіп алды. Коммунистік идеологияның негізі болған Абай азат Қазақстанға қалай рухани көсем болады?! Жалпы, Абайда елім, жерім...  ұлт азаттық үшін курес туралы ештеңе көрмедім. Яғни, ол арқылы ұлттың рухын көтеру мүмкін емес?! Абайтану институтты ашып алып, оны "60 жыл зерттеп", яғни оны "кормушкаға" айналдырған арамза алаяқтар мен тауықмилар қаптады. Барлық қасиетті кітаптарда "халық - Құдайдың бір аты" дейді. Абай пенде, не Құдайдың құлының сол Құдайды, яғни жүйелі түрде сынап-кемсітуіне ешқандай құқығы жоқ. Құдайға сенген. Абайдың оны білмеуі мүмкін емес. Яғни, қара сөзді НКВД жазды. Тарының дәні мен кебегін айыра алмайтын соқыр тауық кейбір қазаққа бәрі жем болуда. Қазақтың есі қашан кіреді?!", - деп жазды ол. 

Абайтанушы Жабал Шойынбеттің пікірінше, мұндай пікірлер бүгін, кеше ғана айтылып жатқан жоқ. Бұл мәселе қазақ отар болып жүрген кезден басталған.

"Қазір Абайға тиісу, Абайды қорлап сөз айту жүріп жатыр. Бұл бір күннің нәрсесі емес. Себебі Абайды қорлау - қазақты қорлау. 1993 жылдан бері осы айқастың ішінде келе жатырмын. Қазақ өз алдына тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы дұшпандарымыз бізден 100 есе артық дайындық жасаған. "Қазақтар өз алдына тәуелсіз, елі бай, жері кең, сондықтан қалай да басып алу керек" деп ойлаған. Үлкен бағдарлама дайындалған. Қазір әскермен соғысу тиімді емес, қазір ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Ақпараттық соғыс сол кезде басталған. Әсіресе, дайындалған адамдар жіберілген. Ол адамдар - әр елден келген миссионер, тыңшылар. Олар патша империясынан, одан кейін Кеңес Одағының коммунистік идеологиясынан шыққан, дәстүрінен, дінінен есеңгіреп қалған қазақты одан сайын есеңгіретіп, жаулап алуды мақсат еткен. Орыс империясы "жабайысыңдар" деді, соны әрі қарай жалғастыру үшін үлкен шабуыл жасалды. Алғашында олар миссионер ретінде келіп, қазақтың ішінде іріткі салған. "Абай болмаған, Абайды ойдан шығарған, миф" деді. Сонда бұл Абайды ғана емес, бүкіл қазақтың ертегі-аңыз, інжу жырларының барлығын миф деу мақсатында айтқан. Абай мифке айналса, басқасы да миф деп, қазақтың ұрпағына, болашақ жастардың санасына сіңіру үшін шабуыл жасалған", - дейді ол.

Ғалымның пікірінше, соған орай Абайдың өзіне, оның шығармашылығына тиісу процесі қарқынды жүрген.

"Бірден-бір көрінісі қазақтың ұлттық ортасынан шыққан, Абай университетінде істеген мұғалім бір күнде Абайды жоққа шығара бастады. "Абай қарасөзді жазбаған, оны Әлихан жазып берген" деген сөзді айтты. Екінші мәселе, патша империясы да, Кеңес Одағы да бүкіл тарих, дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді өзгеріске түсірді. Мен қатарлы ұрпақтардың арасынан қазаққа қарсы тұлғалар шығып жатыр. Соның бірі - Жанұзақ Әкім. "Қазақ идеясы" деген кітап жазған. Алғашында "бүкіл қазақты көтеретін, рухани өсіретін кітап жазатын жігіт шығыпты ғой" деп қуанғанмын. Сол жігіт "Абайды оқыған адам нақұрыс болады" деп отыр. Бұл - сыртқы дұшпандарымыз жасаған неше түрлі қитұрқы істерінің нәтижесі. Абай өмірі "бір қазақ бір қазаққа дұшпан болады" деп айтпаған. Қазаққа қазақ қашан жау болады? Патша империясы мойнымызға салған құлдықпен, құлдық санамен кете берсек, Абайдың "бір күні қазаққа қазақ қарсы шығады" деген сөзі дәл келіп тұр. Шетелдік миссионерлер бір кездері келіп, үйді-үйге жүріп, кітабын таратып, үгіттеп келсе, бүгінде олар өз еліне барып, өз қазағымызды бір-біріне айдап салып кетті. Екі қазақ айқасса, олар жеңіске жетеді. Қазір қазақ топқа жіктеліп кетті. Бұл - соның нәтижесі", - дейді абайтанушы.

Қоғамда Абай қазақты сынаған, менсінбеген деген де бірсыпыра пікір бар. Абайтанушының айтуынша, бұл ойшылдың сөздерін үзіп-үзіп оқудан шыққан.

"Абайдың қарасөзін үзіп-үзіп оқысаң, сан саққа жүгіртуге болады. Абай қазақты жек көріп тұрған жоқ. Қазақты сонша сынады, оның жауабын да берді. "Мен онда кетіп қалар едім ғой" дейді. Қазір көпшілік шетелге кетіп қалып жатыр ғой. "Мен кеткен жоқпын, ортасында жүрмін" дейді. Әйтпесе Абайда барлық мүмкіндік болды. Кетіп қалуға да байлығы жететін. Абай кім? Бүкіл қазағын Абайдай сүйіп, өз қазағына Абайдай сын айта алатын дәрежеге ешкім жетпеген. Ол қазағын сынап отырған жоқ. Абайдың кезінде қазақ орыс империясына құл болды. Абай соны көзімен көрді. "Әрі қарай менің ұлтым не болады? Құл болып жойылып кете ме, қайта өсіп өркендей ме?" деп ойланды. Сонда Абай құлдыққа түскен қазаққа "сенің бойыңдағы ұлттық құндылықтарың жойылып бара жатыр" деп көрсетіп берді, "енді осыны жою керек" деді. Жоюдың жолдарын да айтып берді", - деп түйіндеді сөзін Жабал Шойынбет. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова