Шымкентте гүлдің ақысын төлемей, сатушыны теуіп кеткен ер адам экс-полицей болып шықты

Шымкенттегі Romantic гүл дүкенінде болған екі оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Осыған байланысты полиция екі жайтты түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірінші видеода ақ футболка киген адам үстелден қайшыны алып, гүл сатушыға қарай бет алады. Бұл жайт 8 тамыз күні болған.

Аталған жағдайға қатысты полицияға сатушыдан ешқандай арыз түскен жоқ. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында анықталды.

Полиция қызметкерлері бұзақыны анықтап, Тұран АПБ-на жеткізді. К. есімді азамат 1990 жылы туған Түркістан облысының тумасы болып шықты. Шымкент қаласында тұрады. Оның әкесі - 1952 жылы туған зейнеткер. Бәйдібек ауданында тұрады. Ер адам сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабына "Ұсақ бұзақылық" сәйкес 7 тәулікке қамауға алынды.

Екінші видеода басқа 1989 жылы туған Б. есімді азамат бейнеленген. Әкесі жоқ, анасы зейнеткер. Ағымдағы жылдың 8 мамырында ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен. Тұран АПБ-ның 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен.

Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан. Бұл жайтқа қатысты Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен "Жәбiрленушiнiң өмiрiне н/е денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау" сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз