Елордада Астана опера театрының алдындағы "көрінбейтін көл" жұртты шошытты

Елордада Астана опера театрының алдындағы "көрінбейтін көл" жұртты шошытты
Фото: khabar.kz

Астанадағы "Астана опера" театрының алды "көрінбейтін көл" болып жатыр. Театрдың алдына төселген тасплиталарды басқан журналист суға түсіп кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист Әсел Әділбек сол жағалаудағы опера театрының алдынан өтіп бара жатып, аяқкиімінің суға батып кеткенін айтады. Қалқыған тас плиталар туфлиіне де зақым келтірген.

"Аяқкиімімді бүлдіріп бір жынданып алғаным болмаса, бәрі дұрыс. Астана опера театрының алды ғой. Айналасында туристер де жүр. Менен бөлек 2-3 адамның аяғы осылай кіріп кетті. Су болып кетіп бара жатыр", - деп жазды ол.

Ахуалға байланысты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау салдық.

"Бұл Нұра ауданының әкімдігіне тиесілі аумақ", - дейді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.

Ал Нұра аудандық әкімдігі театрдың басшылығына сілтеді.

"Тиісті бөлім басшысы бұл аумақ опера театрының балансында екенін айтты. Яғни, жөндеуді солар жүргізуі керек", - деп қысқа қайырды аудандық әкімдік өкілі.

"Бұл - Астана", "Шетелдіктер таңғалған шығар "Бұл қандай керемет!" деп", "Ақордаға мінетін көпір де осындай", - деп жазған желі қолданушылары.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы