16 мың теңге: Түркістан облысында анасы мен сәбиін кемтар қылған дәрігерлер айыппұлмен құтылған

16 мың теңге айыппұлмен құтылған. Әйелі мен баласы кемтар болып қалған Түркістан облысының тұрғыны дәрігерлерге жеңіл жаза кесілгеніне наразы. Аудандық аурухана дәрігерлерінің қателігінен сал ауруына шалдыққан сәби қазір өздігінен жүріп-тұра алмайды. Ешқандай дыбысқа да елең етпейді. Баланың анасы да дәретін ұстай алмайтын күйге жеткен. Қателіктің дәрігерлерден кеткені сот да дәлелденіпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қуатбек Оразбековтың бауырындағы тұңғышы екі жаста. Бірақ бүлдіршін өздігінен мойнын ұстай алмайды, сөйлемейді, жүрмейді де. Тіпті әке-шешесінің еміреніп, еркелеткенін де сезбейді. Ата-анасы Абдолланың осындай күйге түсуіне дәрігерлердің қателігі себеп болғанына сенімді. 

"Еден жуушы, педиатры бар, бәрін шақырып, білегінде күші бар, үстінен басады. Шынтақпен, жұдырықтап басады. Баланы шығарып алу үшін. Баланы босандырған кезде басынан тартқылайды. Бала шықпайды. Неге? Олардың сауатсыздығы сондай, кіндігі мойнына оралып қалған тұр. Тартқан кезде қарақұс пен жауырынындағы төрт нерв мүшесін үзіп жіберген. Баланың басын ашып көрсем, баланың басында қолдың іздері бар", - дейді Қуатбек Оразбек.

Босанған кезде анасының денсаулығына да зақым келіпті. Ішектерін санитарлық талаптарға сай тікпегендіктен, инфекция түсіп, ақыр соңында келіншек үлкен дәретін ұстай алмайтындай күйге жеткен. Сот сараптамасы тағайындалып, бала мен анасының денсаулығына келген зақым заң жүзінде дәлелденген. Артынша сот отырысы өтіп, жауапқа тартылған дәрігерлердің барлығы 16 мың теңгемен құтылып кеткен. Ал басты айыпталушыға 5 миллион теңге айыппұл жазылып, кейін рақымшылыққа ілігіпті.

"Ауданның сотының шешімі жаңағыдай, қанағаттанбаймыз! Облыстық сотқа жібереміз, облыстық сот біздің қанағаттанбағанымызға қарамайды. Қайтадан сол нәрсені өзгертусіз қалдырады. Одан кейін осы баланың жағдайы күннен-күнге ушыққан сайын, пәтерден-пәтерге көшіп, несиеден-несиеге баттық", - дейді Қуатбек Оразбек.

Оразбековтер әулеті Жоғарғы сотқа шағымданайын десе, Бас прокуратура тарапынан бақылауға алынды деген құжат қажет екен. Адвокаты өзі үш мәрте өтініш жібергенін айтқанымен, Бас прокуратура үш өтініштің бір де біреуі базада жоқ екенін мәлімдеді. Ал Түркістан облыстық әкімдігі облыстық прокуратураның араласуымен қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. 

"Аталған азамат облыс әкімінің қабылдауында болды. Басынан өткен мәселені толық баяндап, қолдау көрсетуін сұрады. Отырар аудандық ауруханадағы болған жайтқа қатысты облыс әкімінің тапсырмасымен, облыстық прокуратураның араласуымен комиссия құрылды. Тексеру жұмыстары басталды. Оның нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз", - деді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!