"Шекараның арғы бетіндегі Қытай жыл сайын жайнап барады, ал біз тастанды ауылға айналдық"

"Шекараның арғы бетіндегі Қытай жыл сайын жайнап барады, ал біз тастанды ауылға айналдық"
Фото: Автордан

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы іргедегі Қытаймен қалқан іспетті. Бейбітшілік заманда халық үдере қоныс аударып, тоқырап кетпесе де, бүгінге дейін Құйған ауылы жұртының 80 пайызы көшіп кеткен. Амалдап бидай, арпа, жоңышқа еккенімен, жері шаруалар үшін қолайсыз. Massaget.kz тілшісі ауылға арнайы барып, тіршілігімен танысып келді.

Ауыл шекаралық аймаққа жатады. Құйғанға шет Ласты және орта Ласты деп аталатын қос бекет қарайды. 51 шаруа қожалығы застава түбіне қоныстанып, жайлауға орныққан. Қыстай 45 шаңырақ сол жақта қыстап қалатын көрінеді.

Мұндағы азаматтар қазір шөп шабу қамымен жүр. Көбі жаңбыр аз жауып, шабындық мәз емес десті. Ауылда қыбыр еткен адам көрінбейді. Аптапқа қарамай бірен-саран нысандар жұмыс істеп тұр. Ең алдымен көзге ұшырасқаны – қаңтарылып тұрған техникалар. 

 Ауылға ауызсу тартылмақ. Осыған дейін әр көшеде орнатылған құдықтардан су алып келді.

Ауылға халық тұрақтамауының түрлі себебі айтылды. Соның бірі – 90-жылдардағы жекешелендіру. Ауылдастар сөзінше, жекешелендіру аудан көлемінде осы Құйғаннан басталған. Демографиялық тұрақтылықтың уығы сол кезде шайқалып, халық басқа жаққа қоныстануды күрт жиілетті. Елді мекенде жан-жақты даму кенжелеп, асфальттың төселмеуі мен ауыл аралық жолдардың талайдан бері жөндеу көрмеуі әлі өзекті.

Тағы бір себебі – осы аумаққа қарасты бірнеше ауылды жиі құрғақшылық жайлайды. Ауыл шетіндегі Мысық деп аталатын жерде су бөгетін салу мәселелері депутаттардың алдында талай көтерілген. Егер Мысықта су жинағыш науа (лоток) орнатылса, Құйғаннан бөлек, Жетіарал мен Қарасуды да қамтып, егістік саласына қан жүгіреді. Бірақ мұның шешімі алдағы бір-екі жылда шықпайтын секілді.

Қазір Құйғанда 814 адам тұрады. Жергілікті жұрттың сөзінше, бұл ауылдың бастапқы кезеңімен салыстырғанда тек 20 пайызын құрайды.

"Мемлекеттік шекара мына тұрған жерде. Аудан әкімі "Құйған мемлекеттік шекараға жақын ауылдар қатарына кірмейді" деді. Сонда елді мекен шекарадан қанша шақырым жерде орналасуы керек? Ауыл көшелерінде әлі жарық жоқ. Қытай жап-жақын, 10 шақырымнан асар-аспас жерде бекет тұр. Шекарадан-ақ Қытайдың қызу тіршілігі, заманауи сипатта дамып жатқаны анық аңғарылады. Шекараның арғы бетіндегі Қытай жыл санап жайнап барады, ал біз тастанды ауылға айналдық!" – деді тұрғындар.

Ауылдастар ауызбіршілігінің арқасында бірнеше жыл бұрын қатымхана бой көтерді. 2017 жылдың маусымында құрылысы қолға алынып, 2021 жылы тұрғындар кіре бастады. Жұмыс қолға алынған кезде кәсіпкерлер, ауыл азаматтары мен қарттар атсалысып, қазір игілігін көріп келеді.

Құйған Өскеменнен 380 шақырым жерде. Мұндағы жұрт мал бағып күнелтеді. Қазір жастарынан қарттары басым. Осы ауылдың тумасы Жанат Әскербекқызының сөзінше, халық қарасы көп кезде күнгей жақта түтін саны тіптен мол болған. Содан халық көше бастағанда, баспаналар бұзылып, қазір Құйғанның бір жағы иен далаға айналған. Аудан әкімі Бекбол Дайрановтың сөзінше, 23 үй қаңырап бос тұр.

Көбі жаздай тұрақтап, қыста қалаға бет бұрады. Өйткені ауылда жұмыс жоқ, тіршілік қиын. Бірен-саран үйдің қашасында "Үй сатылады" деп жазылған.
Жергілікті әкімдік алдағы жылдары екіқабатты аурухана ғимараты жөнделіп бітсе, жаңа жұмыс орны ашылады дейді. Сөйтіп, статистика 700-800 адамнан түспейді деп сендіріп отыр. Бір есептен, әлеуметтік нысандарды қоспағанда, жұмыс орны да жоқ.

Аурухана ғимараты кеңес өкіметі ыдыраған тұста қаңырап, бірте-бірте қараусыз қалған. 
Ауыл имамы Дархан Аймұхамбетов Құйған бір кездері гепатит ауруының ошағы болған деді. Кеңес өкіметі орнамай-ақ, індет асқынып тұрыпты. Дерт дендеп бара жатқан соң  қолы шипалы, ауылда беделді кісі Сара апайдың ықпалымен аурухана салынған.

Жанат Әскербекқызының сөзінше, отыз жылда ауыл жолдарына асфальт төселмеген. Кеңес өкіметінен бері қиыршық тас төгуден басқа шара қолға алынбапты. Ауылда клуб үйі жоқ. Қариялар кеңес құрып, бас қосатын жерге мұқтаж.

Айта кетерлік жайт, 1991 жылы бұл ауылға әйгілі таеквондошы Мұстафа Өзтүрік анасымен келген. Тарихи жүздесуден соң саябаққа спортшының есімі беріліпті.

Абаттандыруды қажет ететін тұстары баршылық. Жергілікті билік алдағы уақытта таеквондошының кеудемүсінін орнатпақ. Бекбол Дайрановтың айтуынша, танымал таеквондошының анасы осы Құйған топырағында туған.

Еңбек озаты Биғайша Қабдолдақызының атына берілген саябақты да көріп қайттық. Біз барған кезде шуылдасып ойнаған балалар көзге ілікпеді. Күн де найза бойы көтеріліп, аңқаны кептіріп тұрды. Саябақ іші жым-жырт болғаны содан да шығар. Әткеншектер жанында арам шөбі биіктеп барады. Жалпы, ауыл көрінісі тым көңілсіз көрінді. Ауылдағы тым ескі, қалай болса солай жасалына салған нысандар да ауылға қолдау қажет екенін аңғартады. 

Асыл Бигелді

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы