Тағы карантинге қамаламыз ба? Коронавирустың жаңа түрі туралы не белгілі?

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі "эрис" вирусы тарай бастағаны белгілі болды. Вирустың бұл түрі туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы EG.5 "эрис" деген атауға ие болған коронавирустың жаңа түрін бақылай бастаған. Коронавирустың бұл түрі "арктур" және "кракенге" қарағанда тез тарайды. Forsmi агенттігінің мәліметінше, әзірге "эрис" Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа және Азияның кейбір елдерінде тарай бастаған. Жалпы 51 елде анықталған екен. Вирустың жаңа түрі ең алғаш қайда пайда болғаны белгісіз. 

РИА Новости мәліметінше, EG.5.1 штамы "омикроннан" тараған. Ол алғаш биыл наурыз айында анықталған. Өткен айда "эрис" Ұлыбританияда тарай бастаған. Ғалымдар оның тез тарап, жұқтырғандар саны көбейе бастағанына алаңдап отыр. 

1 шілдедегі жағдай бойынша, Ұлыбританияда 100 мың адамға шаққанда 3,3 адамда "эрис" анықталса, 29 шілдедегі жағдай бойынша, жұқтырған адамдар саны 100 мың адамға шаққанда 7,2-ге жеткен.  

"Эристің" негізгі белгілері: 

  • бастың ауырсынуы
  • шаршау 
  • түшкіру
  • тамақтың ауырсынуы  

Коронавирустың өзінде кездесетін ентігу, дәм сезе алмау, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер "эристе" байқалмайды екен.  

Йорк университетінің вирусологы, профессор Лоуренс Янгтың сөзінше, "эристің" тез тарауына ауа райы себеп болуы мүмкін. Тағы бір себеп - кинотеатрға адамдардың көптеп бара бастауы болуы мүмкін екен. 

Жалпы "эрис" штамы жеңіл өтетін көрінеді. Ауыр жағдайлар өте сирек кездеседі.  

Иммунолог Николай Крючковтың сөзінше, жаңа штамның көмегімен COVID-19 "күш алғысы" келуі мүмкін. Ұлыбританиядағылар "эрис" штамы коронавирустың жаңа толқынын тудыруы мүмкін деп қорқып отыр. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!