"Қазақстан темір жолы" қашанғы жанымызды қинайды?"

"Қазақстан темір жолы" қашанғы жанымызды қинайды?"
Фото: автордан

Еліміздегі ең үлкен мегаполис Алматыдағы темір жол вокзалының қызметі көпшіліктің көңілінен шықпайды. Себебі, күннің аптап ыстығында күту залында бірде-бір салқындатқыш жоқ. Адамдар сөмкелерін сүйреп, вагондарына еркін жете алмайды. Себебі кейбір пойыздар үшінші-төртінші жолға тоқтап, адамдар жолсандығын арқалап биік көпір арқылы арғы бетке өтуге тура келетін сәттер жиі болады. Еліміздегі ең бай компаниялардың бірі "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы болғанымен, халыққа көрсетер қызметі сол атына сай болмай тұр. Massaget.kz тілшісі вокзалға арнайы барып көрген еді.

"Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы - еліміздегі ең бай компаниялардың бірі. Мәселен, ұлттық компания ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша, жүктерді транзиттік тасымалдаудың өсуі аясында 97 млрд теңге табыс тапқан. Десек те, компания жүк тасымалынан бөлек, жолаушылар тасымалымен де айналысады. Алайда осыған дейін "Жолаушылар тасымалы" АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали "Билеттен келіп түсетін табыс айтарлықтай көп емес" деген болатын. 

Десек те, ашық дереккөздерде компанияның мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы 2023 жылы 32 140 916 473 теңге болған. Қазақстандағы салық табыстың 20 пайызынан аспайтынын ескерсек, түсер пайда сіз бен біздің түсімізге кірмейтін қаржы. Хош. Байдың асын байғұс қызғанадының кебін кимейік. Тек ұлттық компания деген атына сай ұлтқа қызмет жасаса дейміз. Алдымен "Алматы-2" теміржол вокзалындағы проблеманы жіпке тізейік. 

Букмекерлік кеңсенің жарнамасы жаңғырып тұрған күту залында ешқандай салқындатқыш орнатылмапты. Аптап ыстықта ағайын қолдарына желпуіш ұстап жүруге мәжбүр. Себебі, күту залында адам көбейген сайын ауа тарылып, терлей бастайсың. 

Темір жол вокзалына кіргеннен сөмкелерін сүйрелеп, шаршап-шалдыққан ағайынды аңғарасың. Тексерістен өткеннен бастап, вагонына жеткенше жолсандықты арқалап жүруге тура келеді. Себебі сүйретпелі сөмке жүретін жол жоқ. 

Маңғыстау, Орал секілді алыс аймаққа қатынайтын пойыздар 3 немесе 4 жолға тоқтайды. Бұл жағдайда көбінесе 1-2 жолақта өзге бағыттағы поездар тұрады. 

Ал көпірге сөмкеңді көтеріп шыққан күннің өзінде сүйреп алып жүру мүмкін емес. Себебі, жолдың ойылып қалған жерлерінен чемоданыңыздың дөңгелегі жарамсыз болып қалуы мүмкін. 

Бойында күш қуаты бар адам өтер. Алайда егде жастағы адамдар мен қоғамның осал топтарына бұл айтарлықтай қиындық тудыратыны жасырын емес. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдай туралы айтудың өзі артық. 1-2 жолда пойыз болмаған күннің өзінде рельстердің тереңдігі тағы бар. Сол көпірге міне, алмай тұрған үлкен кісілердің бірі "Жеріміз кең" деп мақтанамыз.

Ал сол жерді жалғайтын ұшақтың бағасы тым қымбат. Пойызға билеттің де бағасы жыл сайын қымбаттайды. Бірақ пойызға мінсең іші "тозақ". Вокзалының түрі мынау. Ауыр жүктеріңді пойызға тигенше жаның шығып кете жаздайды. Басқа елдер халқына барынша жағдай жасап жатса, біз темір пойызда күннің ыстығында желдеткішсіз қамап, вокзалдың көпірінде тегіс жолсыз қиналып жүрміз. "Қазақстан темір жолы" қашанғы жанымызды қинайды" деді. 

Алыс-берісі, барыс-келісі көп мекемеде кейбір рейстер кешігіп жататын сәттер болады. Адамдар отыратын сыртқы орындықтардың ұсқыны мынау. 

Жаз болса күнге күйіп, қыс болса суықтан денеңді қаритын темір орындықтарға жолаушылар да отырғысы келмейді. Барлығы көлеңке жағалап, рельске жақын аумақты жағалап жүр. 

Вокзалда жолаушыға арналған арбалар да жоқ. Жекелеген арбакештер жүгің үшін ақы сұрайды.  

Басқа қаланы айтпағанда Алматыда эскалатор орнатуды қарастыру керек. Туризмді дамытамыз деген бос ұранның астында осындай ұсақ-түйек іс-әрекеттер атқарылса игі.  

2020 жылғы ақпарат бойынша ҚТЖ Басқарма мүшесінің орташа айлық жалақысы 1,7 млн теңгеден 3,7 млн теңгеге дейін өскендігі айтылған еді. Одан беріде халықтың ашуына тимейік дей ме, әйтеуір жалақысын айтпайтын болды. Ал бұқараға жасалған жағдайдың сиқы осы. Ол аз десеңіз, компания айналдырған 19 миллион халыққа толық билет тауып бере алмайды. Жаз болса билет таба алмай шұбырған халық көбейеді. Ал халық таппаған билеттің алыпсатарлардың қолында жүретіні тағы бір мәселе.

Біз вагондардың ішіндегі былықты айтпадық. Ол бір бөлек әңгіме. Десек те, миллиардтап табыс табатын компания қу құлқынның қамын емес, бәр сәт ағайынның да жағдайын ойласа игі. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов