Павлодарда көше атауларына қатысты дау туындады

Павлодарда көше атауларына қатысты дау туындады
Фото: Тұрар Қазанғапов

Павлодар қаласында көше атауларын ауыстыруға қатысты қазақ тілді белсенділер арасында дау туындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

4 тамызда Павлодар қаласында 24 көшенің атауын ауыстыру бойынша қоғамдық тыңдау өткен болатын. Содан бері әлеуметтік желіде өңірдің белсенділері наразылық танытып жатыр. Дау ұлы тұлғалардың есімі берілетін көшенің жай күйіне байланысты шығып отыр. Өйткені атауы ауыстырылатын көшелерді көше деп айтуға тұрмайды. Ұзындығы 500 метрден аспайтын тұйық көшелер әрі олар қаланың шетінде орналасқан. Бұл көшелерге Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Шоң би, Иманжүсіп, Сұлтан Бейбарыс, Жұмабек Тәшенов секілді тарихи тұлғалардың және Шәмші Қалдыаяқов, Рақымжан Қошқарбаев, Рамазан Тоқтаров, Хиуаз Доспанова, Фариза Оңғарсынова, Әміре Қашаубаев, Ғабит Мүсірепов, Рүстембек Омаров секілді танымал тұлғалардың есімдері ұсынылған.

"Әңгіме жоқ, мән-мағынасыз көше атаулары ауыстырылуы керек. Оны қос қолдап қолдаймын. Бұл тұрғыдан алғанда Павлодар өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға көңілім де толады. Тек сол жұмыстар жүйесіз, қисынсыз жүргізілетіні жанды ауыртады. Ұлылардың, өңірден шыққан танымал тұлғалардың есімдерінің ені 10 метр, ұзындығы 100 метр болатын, қаланың сыртындағы адам бармайтын қараңғы көшелерге берілуіне қарсымын! Бұған дейін де солай болған. Бұл жолы да соны қайталап отырмыз", - дейді журналист Фархат Әміре.

"Біздің атақты тұлғаларға, батырларға ел танитын тұлғаларға кішкентай кішкентай көше беріп жатыр. Бұл дұрыс емес деп есептейтін. Мысырды басқарға Сұлтан Бейбарысқа анау екінші Павлодардағы қайдағы бір шолақ көшені беріп қойған. Мен бұған қарсымын", - дейді спортшы Айбек Есімбай.

"Көшенің атауын бергенде, бір сауаттылық керек сияқты. Есімі ұсынылып отырған тұлғаның кім екеніне қарау керек қой. Бірмен бірді екімен екіні ауыстыра салғандай. Мысалы, Бөгенбай батыр есімін көшеге тұрмақ бір шағын ауданға берсе де артық емес. Көше атауларын ауыстырар кезде өлкетанушы тарихшылардан кеңес алу қажет еді", - дейді өнертанушы Ерлан Рақым.

Павлодар қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманның айтуынша, республикалық ономастика комиссиясының хаттамасында Бөгенбай батырға Роза Люксембург көшесін беру керек деп көрсетілген.

"Біз сол республикалық ономостикалық комиссияның айтқанын орындап хаттама бойынша Бөгенбайға Роза Люксембург көшесін беріп жатырмыз", - дейді Мейрам Нұғыман.

Бір қызығы тарихи тұлғалардың атына шеттегі тұйық көшелердің берілгелі жатқанынан облыстық ономастика комиссиясы мүшелері хабарсыз болып шықты.

Еске салайық, бұған дейін де Павлодарда 20-ға жуық көшенің атауы өзгеретіні, облыс орталығында қоғамдық тыңдаулар өткені хабарланған еді.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz