Атырауда балық қырылып жатыр

Әлеуметтік желілерде Атырауда қырылған балықтың видеосы тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балықтар "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС маңындағы "Атырау ЖЭС" АҚ-на тиесілі каналдан табылды. Сала мамандары каналдан судың сынамасын алған. Атырау облысы экология департаменті мәліметінше, нақты ақпарат су сынамасын зерттегеннен кейін белгілі болады.

Алдын ала болжамға сәйкес, күннің ыстығына байланысты канал суында оттегі тапшы болуы мүмкін.

"Жайықтан су алатын құбырдың басына бірнеше тор қойылған, яғни балық өтуі мүмкін емес. Болжам бойынша, каналдың бойындағы балықтар сумен бірге өткен уылдырықтардан дамыған балық болуы мүмкін", - деді Атырау облысы экология департаменті өкілі.

Танымал табиғат жанашыры Галина Чернованың айтуынша, балықтар суға тасталған улы заттар салдарынан қырылған болуы мүмкін.

"Су бетіндегі мұнай қалдықтарынан пайда болған "қаймақ" балықтың жаппай қырылуына әкелуі мүмкін", - деп жазды эколог Галина Чернова.

Баян Жанұзақова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!