"Осы қалпыңнан тайма". Кішкентай қызға балмұздақ алып берген полицей Қазнетті сүйсінті

Казнетте полиция қызметкерінің адасып қалған кішкентай қызға көмек көрсеткен видеосы тарады. Бұған желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видео Tik-Tok әлеуметтік желісінде тарады. Кадрлардан полицей формасын киген ер адам кішкентай қызды жетектеп бара жатқаны көрінеді. Қыздың қолында балмұздақ бар.

@user39sbt39vtm

♬ оригинальный звук - Нұрым

Видео сипаттамасына қарағанда, қолданушылар түрлі пікір қалдырғаны көрінеді. Біреулер полицейдің әрекетіне сүйсінсе, біреулер бұл таңғалатын жағдай емес екенін, солай болуы тиіс екенін жазған.

"Таңғалудың еш керегі жоқ, солай болуы тиіс нәрсе!", "Осындай полицей жігіттер көп болсын", "Полиция жұмысы ауыр, түсінген адамға. Мерекелерде халық тойлап жүрсе, олар тәртіпті сақтап, күн-түн күзетеді", "Еңбектері адал, көзге көрінбейді", "Жарайсың, халықтың баласы бол", "Полицейдің бәрі осындай болса", "Осы қалпыңнан тайма", - дейді пікір білдірушілер.

Бұл видеоға қатысты ІІМ баспасөз қызметі пікір білдірді. Полиция мәліметінше, Түркістанда патрульдеу бойынша өз қызметін атқарып жүрген полицей Нұрсұлтан Әбдіқадыр бағдаршам тұсында кішкентай қыздың жалғыз өзі тұрғанын байқаған.

"Одан ата-анасын сұрағанымен, былдырлап, тілі анық шықпаған қыздан нақты жауап ала алмайды. Оның адасып қалғанын түсінген полицей бірден басқа қызметтестеріне хабарлап, ата-анасын іздеуді бастайды. Осы аралықта қыздың көңіл күйі түскенін байқаған Нұрсұлтан оған балмұздақ алып беріп, тез арада ата-анасын тауып беруге уәде береді", - делінген хабарламада.

Сәлден кейін кейін қыздың анасы табылып, баланы отбасына табыстаған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз