"Ем қабылдап жатыр". Баласын түсіріп алғанын айтқан қызметкер қайда жұмыс істейтіні белгілі болды

Әлеуметтік желіде Айнұр Бораншина есімді желі қолданушысының жазбасы пайда болған еді. Ол мемлекеттік қызметте шамадан тыс тапсырма берілетінін, жұмыс уақытынан тыс кезде де мазалайтындарын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, артық жұмыс, күйзелістен баласын түсіріп алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл мәселеге қатысты Жетісу облысы білім басқармасы өкілдері жауап берді. Ал Желіде Президенттен бастап араша сұраған мемлекеттік қызметкер Сарқан ауданында білім бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді екен. 

Білім басқармасы өкілдері оның бұл уақытта ресми түрде жұмыста болмағанын, оны ешкім мәбүрлеп шақырмағанын айтып отыр.

"Айнұр Бораншина 2023 жылғы 4 сәуірден бастап білім бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалған. Бұған дейін Сарқан ауданы Теректі орта мектебінің директоры болып қызмет атқарған. Сарқан ауданы бойынша 1469 баланы жазғы демалыспен қамту мақсатында тиісті қаражат бөлінген. 28 шілдеде жазғы демалыспен қамтылған балалар тізімі сұратылған. Лауазымдық міндеттеріне сәйкес аталған тапсырманы аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Балганча Акимбаева орындаған, барлық ақпарат жауапты маманнан сұралған. Ал Айнұр Бораншина 19 шілдеден бастап уақытша еңбекке жарамсыз парағы болуына байланысты жұмыста болмаған. Айнұр Бораншина білім басқармасы немесе білім бөлімі тарапынан жұмысқа ешкім мәжбүрлеп шақырмаған, телефон соқпаған, ол өз еркімен Балганча Акимбаеваға көмектесу мақсатында жұмысқа келген. Бүгінгі күні денсаулығына байланысты аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік қызметкер жүктеме көптігін айтып, Президенттен араша сұрағаны хабарланған еді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!